Астанада Швецияның жаңа елшісі тағайындалды
2017 жылғы 20 қазан 17:31

Астанада Швецияның жаңа елшісі тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 20 қазанда ҚР Швецияның жаңа елшісі Матс Фойер (Mats Foyer) ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкоға сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады.

Бұл туралы ҚазАқпарат Welcome Nordic сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін 13 шілдеде Швеция Үкіметі Матс Фойерді Астанадағы Швеция Корольдігі өкілдігінің басшысы етіп тағайындаған болатын.

Матс Фойер Швеция Сыртқы істер министрлігінің халықаралық сауда саясаты және ЕО ішкі нарығы бөлімінде жұмыс істеген және 19 қазан күні Астанадағы Швеция елшісі қызметіне кірісті.

Матс Олоф Фойер Стокгольм университетінің құқық және гуманитарлық ғылымдар бакалавры дәрежесіне ие. Швед, ағылшын, француз және орыс тілдерінде сөйлейді.

Атап өткен жөн, биыл Қазақстан мен Швеция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Астанадағы Швеция елшілігі - 2010 жылы, Стокгольмдегі Қазақстан елшілігі 2013 жылы ашылған.

2008 жылдан бері Алматыда швед бизнесінің мүддесін қорғайтын Business Sweden ұйымы жұмыс істейді. Ал тұтас Қазақстан бойынша 30-ға жуық швед компаниялары жұмыс істейді.

Одан бөлек, Scandinavian Council коммерциялық емес ұйымы екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтумен айналысады.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT