Астанада ШҚО және Абай облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 және 2 қазанда елордада кезекті ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Бұл жолы Астанада Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, елорда тұрғындары мен қонақтарына жоғары сапалы экологиялық таза өнімдер ұсынылатын болады. Өнім ассортиментінің жалпы көлемі 282 тоннаны құрайтын.

Оның ішінде: 91 тонна картоп пен көкөніс, 59,9 тонна бал, 48,8 тонна ет, 17 тонна күнбағыс майы, 13 тонна бақша дақылдары, 8 тонна сүт өнімдері, 7,5 тонна балық өнімдері, 5 тонна құс еті, 5 тоннадан астам қымыз бен панты өнімдері, 4 тонна ұлттық тағамдар және 3 тонна шұжық өнімдері.

«Барлық өнімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді және сатушыларда өнімдердің шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болады», - делінген әкімдік хабарламасында.

Өнімдер нарық бағасынан 10-20% арзанға сатылады.

Еске салайық, жәрмеңкелер әр сенбі-жексенбіде өтіп келеді және 30 қазанға дейін жалғасады. Өтетін орны: «Астана-Арена» стадионы жанындағы алаң.

Келесі өнімді 8-9 қазан күндері Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының кәсіпкерлері ұсынады.


Соңғы жаңалықтар