Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 4-15 наурыз аралығында әлемнің 14 елінен ең мықты құрамалар қатысатын классикалық шахматтан командалық әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сарыарқа велотрегінде классикалық шахматтан командалық әлем чемпионатына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко, гроссмейстер, ҚР әйелдер құрамасының мүшесі Динара Сәдуақасова, гроссмейстер, ҚР ерлер құрамасының мүшесі Әнуар Исмағамбетов қатысты.

«Аталған спорттық шараны Елбасының өзі қолдап отыр. Мұндай мүмкіндіктің арқасында еліміздің шахмат спорты қарқынды дамып, Қазақстанның спорттық шахмат аренасында беделі өседі деген үміттеміз. Елімізде аталған спорт түрі аса танымал, шахматпен айналысатындар саны бүгінде 200 мың адамды құрайды. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер де бар. Бұл спорт түрінің елімізде одан әрі дамуына біздің белгілі спортшыларымыз Динара Сәдуақасова, Әнуар Исмағамбетов, Жансая Әбдімәлік пен Дәрмен Сәдуақасовтардың қосатын үлесі зор»,- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр өз сөзінде Қазақстанда шахматтың дамуына үлес қосып жатқанҚазақстан шахмат федерациясына алғысын айтты. Өз кезегінде, федерацияның атқарушы директоры Ирина Грищенко спортшылардың мүмкіндігіне тоқталды.

«Ең алдымен «Самұрық-Қазына» қорына алғыс айтқым келеді. Аталған ұйым жыл бойы еліміздің балалар-жасөспірімдер құрамасына қолдау білдіріп келеді. Чемпионатта біздің құраманы ең мықты шахматшылар бастайды, олар - Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Гүлісхан Нахбаева, Гулмира Даулетова, Мадина Давлетбаева, Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажғалиев, Әнуар Исмағамбетов, Денис Махнев, Петр Костенко. Барлық спортшылар жарысқа сақадай сай дайын», - дейді ол.

Айтулы чемпионат Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әлем чемпионаты «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ғимаратында өтеді деп жоспарланған. Ондағы басты мақсат - жергілікті мамандардан бәсекеге қабілетті халықаралық дәрежедегі кәсіби шеберлерді қалыптастыру арқылы Қазақстанның адами ресурсы сапасын өсіру болып отыр.

Турнирде Қытай, Әзірбайжан, Иран, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Украина, Грузия, тағы да басқа елдерден және Қазақстаннан 20 құрама - 10 ерлер және 10 әйелдер командасы бақ сынасады. Олардың арасында әлем чемпиондары, континенттік чемпиондар, FIDE 2018 Олимпиадасынан соң ең жоғары рейтингтерімен 6 команда, қабылдаушы федерациядан екі команда және де FIDE президентімен тағайындалған екі команда болады. Командалық есепте Әлем чемпионы атағы - бөлек түрде, ерлер және әйелдер командаларына беріледі.

Соңғы жаңалықтар