Астанада «Шабыт» халықаралық фестивалі басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осымен 21-ші рет өткізіліп отырған шығармашыл жастардың фестиваліне биыл 345 үміткер қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған фестиваль өнер саласындағы айтулы оқиға және талантты жастарға өз өнерін баршаға паш етіп, үлкен сахнаға жол ашатын бірегей алаң.

5-9 қараша аралығында өтетін өнер бәсекесінде дарынды жастар «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика» номинациялары бойынша бақ сынайды.

Байқауға тек қана Астананың өзінен 163 үміткер қатысуда, одан бөлек шетелден Әзербайжан, Беларусь, Башқұртстан, Грузия, Израиль, Қырғызстан, Ресей, Украина және Өзбекстан елдерінің өкілдері бақ сынауда.

«Өздеріңіз білетіндей Елбасы жастар шығармашылығының жүйелі түрде дамуына баса назар аударады. Алдағы жыл жастар жылы ретінде аталып өтілетініне орай, бүгінде жастарға бағытталған түрлі салалар бойынша кешенді бағдарламаны әзірлеудеміз. «Шабыт» фестивалі елордамыздың құрдасы және Астанамен бірге оның да шығармашылық ауқымы кеңейіп келеді. Фестиваль өнер саласындағы талай жандардың бағының жануына себеп болды және сол дәстүр жалғаса береді», - деді Астана қаласының әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Елорда әкімі орынбасарының сөзіне дәлел, әр жылдары фестиваль гран-приі танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа, ақын Қалқаман Саринге, балет әртісі Әйгерім Бекетаеваға, опера әншісі Айгүл Ниязоваға, «Меломен» тобына, Аша Матайға, белгілі әнші әрі композитор Қайрат Баекеновке және басқа да өнер жұлдыздарына табысталған болатын.

Халықаралық өнер байқауының гран-при иегерлері мен жүлделі орын алғандар ақшалай сыйлықтармен және «Шабыт» фестивалінің дипломдарымен марапатталады. Оның ішінде, гран-при  - 350 мың теңге, бірінші орын- 300 мың теңге, екінші орын - 250 мың теңге және үшінші орынға - 200 мың теңге беріледі.

Тағы бір айта кетерлігі, «Журналистика» номинациясында қазақ жазушысы, журналист Шерхан Мұртазаның құрметіне арнайы сыйлық табысталады. null 

Соңғы жаңалықтар