Астанада сайлау процесі туралы БАҚ өкілдеріне арналған курс өтіп жатыр

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада сайлау тақырыбына арналған тілшілер үшін екі күндік курс ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған оқыту курсы «Қазақстан Республикасындағы сайлау процесі: теория және практика» деген атаумен өтіп жатыр.

Ұйымдастырушы – ҚР Орталық сайлау комиссиясы. Аталған шараға республикалық және өңірлік БАҚ-тың мамандары қатысып жатыр.

Тілшілер қауымын оқытудағы мақсат – БАҚ-тың сайлау науқанындағы рөлі мен маңызын және сыни түсіну қабілетін қалыптастыру. БАҚ өкілдерінің білім деңгейі мен олардың сайлау үдерісін ақпараттық қамтамасыз ету мәселелері бойынша біліктілігін арттыру.

«Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада өтетін ҚР Президенті сайлауы қарсаңында 11 семинар өткізуді жоспарлап отыр. Түрлі сала мамандары мен өкілдерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу процесімен толығырақ таныстыратын боламыз. Бүгін, міне БАҚ өкілдеріне арналған екі күндік семинар басталды. Одан бөлек, осындай семинар құқық қорғау органдары және прокуратура қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері және Call орталық қызметкерлері үшін де өткізіледі. Оқыту онлайн және офлайн форматта», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина.

Оқытудың бірінші күні ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, орталық сайлау комиссиясының мүшелері Сабила Мұстафина, Анастасия Щегорцова тыңдаушылар алдында дәріс оқыды.

БАҚ өкілдеріне арналған семинарға еліміздің барлық өңірінен 70-ке жуық адам қатысып жатыр. Курс соңында оларға сайлау туралы білімін жетілдіргенін растайтын сертификат беріледі.

Айта кетсек, аталған шара ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар