Астанада Рождествоның қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

2022 жылғы 4 желтоқсан, 13:34
Астанада Рождествоның қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада жыл сайын Рождество қарсаңында ұйымдастырылатын дәстүрлі қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дипломаттар жұбайларының қауымдыстығы (ASA) ұйымдастыратын шараға қатысу үшін астаналықтар күн арқан бойы көтерілген сәттен бастап Radisson қонақүйіне қарай ағылды. Қонақүй ішіндегі аура Жаңа жыл мерекесі мерзімінен ерте келіп қойғандай әсер қалдырады. Немересін жетектеген әже де, бала-шағасымен улап-шулап жүрген жас отбасылар да осында. 41 мемлекеттің елшілігі жәрмеңкеге арнайы әкелген қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарды жеңіл бағамен сатып жатыр. Ал сатып алушылар есеп айырысқан түбіртек нөмірі арқылы лотореяға қатысуда.


Жәрмеңкеге келген халыққа жөн сілтеп, жол көрсету үшін Назарбаев Университеті мен М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің шет тілдерін жетік білетін студенттері ерікті ретінде тартылған.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық шараға 22 мектеп пен коммерциялық емес ұйым, 25 қайырымдылық ұйым атсалысуда.

«Біз бұл жәрмеңкеге Иран Елшілігінің атынан қатысып отырмыз. Мұнда қойылған заттардың бәрі Ираннан арнайы әкелінген. Иран халқының қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдары, әйгілі иран пістесі мен шафраны қойылған. Өте тиімді бағамен сатылып жатыр. Бұл жәрмеңкеге біздің Елшілік жыл сайын қатысады», - дейді ирандық Махбубе Читсаз.

Әлем-жәлем жәрмеңкенің арасынан қазақтың оюмен тысталған қолөнер бұйымдарын көзіміз шалып қалды. Сөйтсек, Жамбыл облысы Тараз қаласындағы «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі осы шараға бірінші рет өз бұйымдарын әкелген екен.


«Қоғамдық бірлестігіміз құрылғанына 1 жыл ғана болды. Мұнда көп балалы аналар, мүгедектігі бар аналар, ерекше баласы бар аналар бірлескен. Бәріміз сонда қолөнермен, шағын бизнеске жол ашатын басқа да кәсіп түрлерімен айналысамыз. Өзім дүниеге екі қолсыз келгенмін, аяғыммен іс тігемін. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, іскерлікті қолға алғаныма 9 жыл болды. Енді сол жүріп өткен жолымды өзге тағдырластарыма үйретіп жүрмін. Жәрмекеге қойған заттарымызға шетелдіктер қатты қызығып жатыр. Сіздердің алдарыңызда ғана Англиядан келген тілші бір жастық пен қолдан тігілген қуыршағымызды сатып әкетті», - дейді қоғамдық бірлестіктің төрайымы Анар Бексұлтан.


Ұйымдастырушылар жәрмеңкеден түскен қаражат әдеттегідей қайырымдылық шараларға бағытталатынын айтады.

Жәрмеңке аясындағы лоторея ұтысының негізгі жүлдесіне LADA X-RAY тігіліпті. Сондай-ақ, 9 бағыт бойынша әуе билеттері мен ірі тұрмыстық техника, ойын-сауық шараларына жолдамалар ұтысқа қойылған.

Жәрмеңке бір күнге ғана жоспарланған.




Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar