Астанада Qazaqstan Live Fest халықаралық көрмесі ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада туризм, спорт және белсенді өмір салты тақырыбына арналған халықаралық көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл көрме спорттың, туризмнің дамуына елеулі үлес қосатынына және біздің салауатты өмір салтын ұстануымызға ықпал ететініне сенімдімін. Қазақстан - туризмді дамытуға қолайлы бірегей ел. Себебі бізде маусымдық туризм бар. Яғни, туристер жазда, күзде және қыста келе алады. Сол сияқты елімізде туризмнің барлық түрі дамып келеді. Оның ішінде экотуризм, агротуризм, спорттық, тіпті рухани туризм де бар», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көрменің ашылу салтанатында.

Министрдің айтуынша, аталған көрмені ұйымдастыру - туризм мен салауатты өмір салтын ілгерілету бағытындағы үлкен қадам.

«Бүгінгі көрме аясында жүгіруден марафон өтеді. Бұл салауатты өмір салтын дәріптеумен қатар, ішкі туризмге қызығушылықты күшейте түспек. Сол секілді адамдардың табиғат алдындағы жауапкершілігін арттырады. Таза ауада жүгіру әлдеқайда қызық әрі пайдалы. Ұлттық парктерде экотуризмді дамытатын қоғамдық бірлестік ретінде бүгінгі көрме мен марафонның ішкі туризм мен спортты насихаттауда маңызы зор деп есептеймін. Осы секілді шара отандық туризмді дамытуға және оның жаңа моделімен танысуға мүмкіндік береді», - деді «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасының орынбасары Артур Әбубәкіров.

«Qazaqstan Live Fest – 2022» халықаралық көрмесі ЭКСПО аумағындағы халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. Шара 3 күнге жалғасады, кіру тегін.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық көрмеге отандық компаниялармен қатар Ресей, Беларусь және Әзербайжан елінен сала өкілдері қатысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар