Астанада өткен «Otbasy duatlon 2022» жарысына 109 отбасы қатысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Триатлон саябағында өткен отбасылық дуатлонға 109 отбасы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған сайыс Балалар жылына орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Оған ниет білдірген барлық отбасы қатыса алды.

«OTBASY DUATLON 2022» жарысы дәстүрге айналды. Биыл алтыншы рет өткізіп отырмыз. Қатысуға ниет білдірген отбасылар саны едәуір артты. Келер жылы 5-6 жастағы балаларды қоспақшымыз. Жарысқа қатысуға өтінімдер алдын ала электронды түрде қабылданды, міндетті түрде шлем мен дәрі­гердің рұқсаты болуы керек», - дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

Жарыс спорттың 2 түрінен үш қашықтықта өтті. Дистанцияның жалпы ұзындығы – 4,5 шақырым.

Балалар үшін үш санат – 8-9, 10-11 және 12-13 жас белгіленді.

Алдымен 2,1 қашықтыққа әкелер жүгірді, одан әрі эстафетаны велосипедке мінген аналар алды. Жарысты балалар мәреге дейін 200 метр жүгірумен аяқтады.

Қатысқан барлық отбасыға медальдар табысталды. Ал жеңімпаздар I, II, III орын дипломдарын және теледидар, микротолқынды пеш, шаңсорғыш, термопот, смартфон, смарт-сағат, велосипед секілді бағалы сыйлықтар алды.


Фото: gov.kz





Соңғы жаңалықтар