АСТАНАДА ӨТКЕН ЕҚЫҰ САММИТІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Қазақ елінің күш-жігері арқасында өткен саммит ЕҚЫҰ-ны жаңа өмірге бастады

None
None
АНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - 1-2 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасының елордасы - Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті саяси мүмкіндіктің ауқымды оқиғасына айналды. Бұл форумның қортытындысы бүкіл әлем бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланып жатыр. Осыған орай «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігі қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Астана Саммитіне арналған барынша қызықты әрі өзекті материалдарға шолуын ұсынады.

***

14 желтоқсан күні «Егемен Қазақстан» газетінде ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың «Әлем таныған жасампаз көшбасшы» атты мақаласы басылды. Онда Қ. Саудабаев елордада өткен ЕҚЫҰ-ның Саммитіне қатысты пікірін айтады. Еліміздің халықаралық ұйымға төрағалық етуге дайындығынан бастап, оның Саммиті өткеннен кейінгі, яғни бүгінгі күнге дейінгі жағдайды зерделеген Мемлекеттік хатшының пікірінше, біздің елордамыз Астана бүгінгі заманның ең бір көкейкесті мәселелері бойынша үнқатысудың маңызды орталығы ретіндегі мәртебесін берік тиянақтады, сөйтіп ЕҚЫҰ-ның самиттерін өткізген Хельсинки, Париж, Лиссабон, Будапешт, Ыстамбұл сияқты қалалармен бір қатарға көтерілді. «Бүгінде Астана Саммиті тарих меншігіне көшті. Ол тарихқа Қазақстан Республикасы, оның елордасы Астана және біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәңгілікке алтын әріптермен жазылған», - дейді Қ.Саудабаев.

Сонымен қатар осы басылымның 14 желтоқсандағы нөмірінде әлемге белгілі саясаткерлердің Астана Саммиті туралы пікірлері басылды. Мәселен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон «Тұңғыш рет ЕҚЫҰ Сам­митінің Орталық Азиядағы елде өтіп отырғандығы Ұйымның және Хельсинки қағидат­тары­ның бір ғана топта немесе жекелеген елдерде ғана емес, бүкіл әлемде дерлік қолданылатындығын көрсетеді» дей келіп, Қазақстанның тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде толайым табыстарға, оның ішінде эконо­ми­калық жетістіктерге қол жеткізгендігін баса айтқан. Ал Испания Үкіметі төрағасының орынбасары Мануэль Чавес Гонсалес: «Мен Президент Назар­баев­ты ЕҚЫҰ төрағалығының та­быс­ты өткізілуімен құттықта­дым. Бұл Қазақстанның әлемдік ауқымдағы беделін арттырды, оның позияцияларын нығайтты. Және Испа­ния­ның Қазақстанды Ұйым жұмысында әу бастан-ақ қолдағанын айтқым келеді. Астана ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге бастама көтер­ген­де де дәл солай болды. Есесіне Қазақстан сенім үдесінен шыға білді. Тамаша Саммит ұйымдастырды», - деп ағынан жарылған. Сондай-ақ басылымда Ресей, Литва, Мальта Республикасы және Ұлыбританияның саяси қайраткерлерінің Астана Саммиті туралы жылы пікірлері берілген.

***

«Айқын» газетінің 11 желтоқсандағы санында Ислам конференциясы ұйымы Бас хатшысының орынбасары Абдуль Моиз Бохаримен болған сұхбат жарияланды. Онда халықаралық ұйым басшысының орынбасары: «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы ретінде ИКҰ-ға Ислам әлемі мен Батыс елдері арасындағы диалогты нығайтуға мүмкіндік туғызып отыр. Ұйымның мақсаты оның жұмысын заман тынысына үйлестіріп отыруды көздейді. Сондықтан сіздердің елдеріңіздің ғаламдық деңгейдегі ұсыныстары, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасындағы, ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы тәжірибесі ИКҰ-ның құрылымына тың серпілістер алып келетініне сенемін. Себебі бүгінгі өтіп жатқан халықаралық форум - сіздердің қолға алған жұмыстарыңызға зор жауапкершілікпен қарайтындарыңыздың айғағы. Қазақстанның ИКҰ-дағы төрағалығының нәтижесі жер бетіндегі барлық мұсылмандардың игілігіне жұмыс істейді деп сенемін», - деген ойын білдіріпті. Сұхбат «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы тәжірибесі Ислам Конференциясы ұйымының құрылымына тың серпіліс әкеледі», деген тақырыппен жарияланған.

***

«Казахстанская правда» газетінде 9 желтоқсан күні жарық көрген «Саммит проведен блестяще!» деген мақалада елімізге ресми сапармен келген Ресей Федералдық жиналысы Федералдық Кеңесінің төрағасы Сергей Мироновтың Мемлекет басшысымен кездескені кеңінен баяндалған. Жүздесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген С. Миронов Қазақстан Президентімен екі жақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылағандықтарын айта келіп: «Нұрсұлтан Әбішұлы Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Саммиті кезінде Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айтты. Сіздердің елдің күш-жігерінің арқасында өткен саммит Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын жаңа өмірге бастады. Мен Президентті жоғары деңгейдегі осы кездесудің табысты өтуімен құттықтадым. Сонымен қатар, мен Нұрсұлтан Назарбаевпен шын мәнінде өзінің архитектуралық әсемдігімен сүйсінтетін елорда - Астана туралы өз әсерімді бөлістім», - деді.

***

«Литер» газетінің 14 желтоқсандағы нөмірінде «После саммита» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда қазақстандық сарапшылардың елордада өткен ЕҚЫҰ саммитінің ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалағаны айтылады. «Дегенмен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өміріндегі ең басты оқиғаның қорытындысын шығарған Астана декларациясының өзі басты шара болды. Құжат ағымдағы сәттегі ЕҚЫҰ-ның дамуын қорытты және Ванкуверден Владивастокқа дейінгі кеңістікте күштерді бөлуді айқындады», - деп жазады басылым.

«Еуроньюс» 10 желтоқсанда таратқан хабарында «Қол жеткізілген мәселелерге қа­ра­мастан, ЕҚЫҰ-ға мүше ел­дер әлі де жаһандақ қауіп­сіз­дікке төнетін қатер­лер­мен бетпе-бет келіп отыр. Бұл жө­нінде Ұйымның Астана Саммитінде қабылданған Декларацияда көр­сетіл­ген», - дейді. Хабарда айтылғанныдай, ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің әрқайсысы Ванкуверден Владивастокқа де­йінгі кеңістікте қауіпсіздіктің қам­тамасыз етілуіне бірдей мүдделі. Астана Декларациясында, сондай-ақ бірде-бір мемлекет өзге елдің ішкі ісіне нұқсан келтіру есебінен өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құ­қығы жоқ екендігі аталған. Жоғары деңгейде өткен Саммит Ұйым кеңіс­тігіндегі жанжалдарды келіссөздер жүргізу арқылы бейбіт жолмен шешу қажеттігіне шақырады.

***

«Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан На­зар­баев­тың пікірінше, ЕҚЫҰ Саммитінің алдына қойылған барлық міндеттерге қол жеткізілді», - деп жазады «Регнум» ақпарат агенттігі 10 желтоқсан күні жариялаған ақпаратында. Агенттіктің атап өтуінше, екі күнге созылған алқалы жиын Ұйымға қатысушы елдердің басшы­лары және делегация жетекшілері үшін аса қауырт, әрі қызықты болды. Саммит қорытындысында Астана Декларациясы қабылданды. «Бұл жоғары форум тарихқа қол жеткізген табыстарымен енеді. Саммит Ұйым үшін ғана емес, барлық геосаяси жүйе үшін кезеңді жағдай болды», - деді Қазақстан басшысы. Саммитте, әсіресе, ұзаққа созыл­ған жанжалдарға қатысты мәселе­лерді талқылау аса ауыр болды. Де­ген­мен, консенсустық жағдайға қол жеткізілді. Сонымен бірге, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Ау­ғанстанды саяси жағынан тұрақтандыру жайына да ерекше назар аударды. Италияның Премьер-ми­нистрі Сильвио Берлускони Астана­дағы жиын аса табысты болғанын атап өтті»,-делінген жарияланған ақпаратта.

Сонымен қатар осы агенттікте 13 желтоқсанда бірқатар келіссөздер жүргізу үшін АҚШ сараптамалық орталығы өкілдерінің Беларусқа келгендігі туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратта ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде АҚШ пен Беларус бірлескен өтініш қабылдағаны атап өтілген. Бұл екі ел басшылары арасындағы бейресми байланыстар дамуының логикалық жалғасы ретінде көрініс табады.

***

«Тренд» Әзірбайжан ақпарат агенттігінде 12 желтоқсан күні жарияланған ақпаратта РФ-ның Әзірбайжандағы елшісі Владимир Дорохиннің мәлімдемесінен үзінді келтірілген. Елшінің атап өтуінше, Ресей ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті аясында қол қойылған өтінішке сәйкес Таулы Қарабақ жанжалын реттеу бойынша өзінің мәмлегерлік күш-жігерін белсендіретін болады.

В.Дорохиннің айтуынша, Әзірбайжан, Армения және Ресейдің сыртқы істер министрлерінің соңғы кездесуі Астана Саммитінен кейінгі Таулы Қарабақ жанжалын реттеудегі ықтимал бірлескен қадамдарды анықтау үшін кезекті байланыс болды.

Соңғы жаңалықтар