Астанада өткен агрофорумда АӨК саласында ынтымақтастықты кеңейту мәселесі талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы «Алтын Орда» бизнес орталығында «Қазақстан және басқа да елдердің ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің әлеуеті мен перспективалары» атты халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форум «Қазақ Елі» халықтық палатасы бастамасымен «Бір белдеу, бір жол» Жібек жолы экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында «Жібек Жолы» сауда палатасымен бірлесіп өткізілді.

Форумның негізгі мақсаты - Қазақстанның агроөнеркәсіп саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Жиынды «Қазақ Елі» халықтық палатасы басқармасының төрағасы Бақытбек Нұғыман құттықтау сөзбен ашты.

Онда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедрасының профессоры Ж.Тайбазаров пен Қазақстанның Ұлттық банкісінің тұңғыш төрағасы Ғ.Байназаров баяндама жасап, келушілерге Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны және оны шетелдік инвесторлардың қолдау механизмімен таныстырды. Сондай-ақ, басқосу барысында Экономикалық ынтымақтастықтың Евразиялық ұжымы бас хатшысының орынбасары Дже Жан (ҚХР), « Invictus Trading» директорлар кеңесінің төрағасы Крис Йохансен, «Нуро Vorarlber» компаниясының қызметкері Ольга Хеникшнабль және басқалары сөз сөйлеп, аталмыш саланы дамытуға қатысты ойларымен бөлісті.

Бұл бас қосу барысында бірлескен өндірісті инвестициялаудағы, қазіргі сауда жүйесіндегі, Қазақстанның барлық аумақтарындағы аграрлық сектор дамуына бағытталған капиталдың еркін айналымындағы ынтымақтастықтың перспективалары қаралды.

Форум жұмысына Еуропа мен Азия құрлықтарының (Норвегия, АҚШ, Италия, Нидерланды, Аустрия, Қытай және басқалары) өздерін Қазақстанның аграрлық секторына қаржылық қолдаушы ретінде көрсетіп жүрген жиырмадан астам ірі компаниялары, еліміздің барлық облыстарының агроөнеркәсіп кешенінің орта және шағын бизнес өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, еліміздің мемлекеттік және ғылым қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, БАҚ пен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері де шақырылып, пікірлерін ортаға салды.

Шараның соңында форумның ұсынысы қабылданып, агрофорумға қатысушы кәсіпкерлермен бірлескен меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар