Астанада өтіп жатқан Менделеев олимпиадасының жеңімпазына қанша сыйақы беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы Назарбаев университетінде 1-6 мамыр аралығында оқушылар арасында химиядан өтетін 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасының абсолютты жеңімпазына 11 млн теңге беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен 57-ші рет өтіп жатқан халықаралық білім сайысына бұл жолы Латвия, Әзербайжан, Болгария, Бразилия, Қырғызстан, Македония, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркіменстан, Түркия, Армения, Беларусь, Мажарстан, Израиль, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сирия, Тәжікстан, Хорватия, Өзбекстан, Қазақстан сияқты 21 елден 116 оқушы қатысуда.

Білім сайысы Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ресей тарапынан М. В. Ломоносов атындағы ММУ химия факультеті мен Андрей Мельниченко қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.



Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова білім байқауының Қазақстан Халқының бірлігі күнімен қатар келгенін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың дамуына, дарындыларды қолдауға үлкен көңіл бөліп, ғылым мен білімнің мәдениеттің дамуына қажетті жағдайдың бәрін жасап отыр. Халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері біздің елде 5 млн теңге көлемінде сыйақы алады және елдегі үздік жоғары оқу орындарында конкурссыз-ақ, ақысыз білім алуға мүмкіндік алады», - деді вице-министр.


Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ресейлік ғалым Степан Калмыковтың айтуынша, сайысқа Бразилия командасы алғаш рет қатыспақшы. Бұл – Олимпиаданың 57 жылдық тарихында Латын Америкасынан қатысып отырған алғашқы ел.

«Бұл сайысқа өз елдеріндегі ұлттық олимпиадаларда үздік танылғандар келіп отыр. Олмипиада бір теориялық, бір практикалық кезеңнен тұрады. Тапсырмалар жыл сайын түбегейлі өзгертіліп отырады. Яғни, алдыңғы жылдары келген тапсырмаларға қарап, биыл қандай тапсырма болатынын анықтау мүмкін емес. Бұл өте маңызды. Өйткені оқушылар заманауи химияның материалын кеңінен меңгерген болуы керек.


21 елдің білім беру жүйесі, бағдарламасы әр түрлі екені түсінікті. Бірақ бұл балалардың бәрі шетінен қабілетті, талантты. Әр елдегі оқушылардың 2-3 пайызы дарынды деп алсақ, бұлар солардың ішіндегі таңдаулылар. Мұндағы тапсырмалар мектеп бағдарламасының аясына сыймауы да мүмкін. Яғни, химиялық процестерді қаншалықты терең түсінгенін анықтау бағытында мектеп бағдарламасынан салмақты тапсырмалар берілуі мүмкін. Өйткені мектепте заманауи химияның базалық материалы оқытылады. Бұлар сол базалық білімді тереңдетіп меңгерген оқушылар. Тапсырмаларды халықаралық әріптестерімізбен бірлесіп дайындадық. Олимпиадаға қатысушылардың білімін бағалайтын қазылар алқасында да халықаралық әріптестеріміз бар», - деді Степан Калмыков.

Қазақстан атынан бұл олимпиадағы 15 үміткер қатысып жатыр. Олимпиаданың қорытындысы 6 мамырда белгілі болады. Олимпиаданың қола, күміс, алтын медальдерінен бөлек абсолютті жеңімпазға берілетін академик В. В. Лунин атындағы сыйақысы бар. Андрей Мельниченко атындағы қор тағайындаған сыйақының мөлшері – 2 млн Ресей рублі (шамамен 11 млн 260 мың теңге – ред).


Соңғы жаңалықтар