Астанада өтетін ШЫҰ мемлекет басшыларының саммитінің қарауына 2011-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы күрес стратегиясының жобасы енгізіледі

None
None
АНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астанада өтетін ШЫҰ мемлекет басшыларының саммитінің қарауына 2011-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы күрес стратегиясының жобасы енгізіледі.

Бұл туралы бүгін Астанада ШЫҰ-ға мүше елдердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының VІ жиынынан кейінгі брифингте ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин мәлім етті.

«Бүгінгі жиын барысында 2011-2016 жылдарға арналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы күрес стратегиясының жобаларын әзірлеу барысы және оны жүзеге асырудың іс-қимыл бағдарламасы талқыланды. Атап айтқанда, бұл құжатты биылғы 15 маусымда Астанада ШЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет басшыларының саммитінде бекітуге ұсыну жоспарланып отыр»,-деді М. Тәжин.

«Біз үшін есірткі қылмысымен және оның транзитімен күрес мәселелері стратегиялық маңызға ие. Сондықтан ШЫҰ саммитінде қабылданатын басты құжаттың бірі осы есірткіге қарсы күрес стратегиясы болып табылады»,-деп атап өтті ол.

М. Тәжиннің сөзіне қарағанда, бүгінгі жиын барысында ұйымның төңірегіндегі аймақтағы қауіптерге қарсы бірлескен шаралар қаралды. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы осы орайда лаңкестік көріністер мен заңсыз есірткі айналымына тойтарыс беру акциялары, ұйымның кеңістігіндегі жан-жақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі көңілден шығатынын жеткізді.

«Бүгінгі отырыста әріптестерімізден аумақтағы қауіпсіздік саласындағы ахуалға қатысты ойларымызбен алмастық, және де лаңкестікке, экстремизмге, сепаратизмге, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына, ұлтаралық қылмыстың басқа түрлеріне бірлесіп қарсы тұруды жалғастыруға ортақ ниет білдірілді»,-деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі кеңеске ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі М. Цзяньчжу, Қырғызстан вице-премьері - Қорғаныс кеңесінің хатшысы Ш. Атаханов, Ресей Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары В. Булавин, Тәжікстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А. Азимов, сондай-ақ Өзбекстан Президенті жанындағы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы М. Атаев қатысты.

Соңғы жаңалықтар