Астанада өтетін қазақ күресіне шетелдік төрешілер төрелік етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 тамызда Астана қаласында өтетін қазақ күресінен Азия чемпионатында шетелдік төрешілер төрелік етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Халықаралық қазақ күресі федерациясының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Чемпионатта 16 спорт төрешісі жұмыс істейді. Олардың арасында Қазақстан, Грузия, Өзбекстан, Литва, Украина төрешілері болады.

Халықаралық дәрежедегі төреші Мақсат Ахметбековтың айтуынша Қазақстан атынан Азия чемпионатында сегіз төреші жұмыс істейді.

«Барынша әділ төрелік етеміз деген ойдамыз. Қазақстандық төрешілердің біліктілігі жоғары деңгейде. «Қазақстан Барысында», Қазақстан чемпионатында, ірі турнирлерде төрешілік жасап жүргендердің арасынан іріктеп алдық. Ал шетелдік төрешілерге шеберлік сабағы өткізілетін болады», - деді ол.

Қазақ күресінен чемпионатқа 20 мемлекеттен 80 спортшы қатысады. Жарыс 8 салмақтық және абсолюттік дәреже бойынша өтеді.

Қазіргі таңда Азия чемпионатына қатысуға Жапония, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолиия, Иран, Пәкістан мен Үндістан мемлекеттері өздерінің мықты деген спортшыларын дайындап отыр.

Қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Естек қазақстандық балуандардың дайындығы туралы айтып берді.  

«Азия чемпионатына 9 салмақ дәрежесінде балуандар қатысады. Тамыздың 12-нен 24-іне дейін Бурабай ауданындағы «Жақсы» спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынында дайындалады. 25 тамыз күні Астанада салмақ өлшеу рәсімі өтеді. 26-сы күреседі. Балуандардың дайындығы өте жақсы. Дайындықтың бірінші кезеңін Шымкент қаласында, екінші кезеңін Грузия мемлекетінде өткіздік. Үшінші кезең енді басталады», - деді ол.

Азия чемпионаты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Самұрық Қазына» әл ауқат қоры, ERG Еуразиялық тобының қолдауымен жүзеге асуда. Ұйымдастырушы «Халықаралық қазақ күресі федерациясы».

Айта кетсек, Қазақ күресі (Qazaq kuresi) ұлттық спорт түрі ғана емес, ол ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне кіреді. Былтыр Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы құрылып, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев федерация Президенті болып сайланды. Жыл сайын осы спорт түрінен бірнеше халықаралық және республикалық жарыстар өтеді. Соның бірі 2017 жылы өткен Әлем чемпионатына 40 елден 160 балуан қатысты.

Соңғы жаңалықтар