Астанада өтетін «Қасиетті қазақ елі» фестиваліне 10 елден қандастарымыз қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада шетелдік отандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өнер фестиваліне 10 елден барлығы 50-ге жуық үміткер қатысады. Оның 35-і - шетелден, қалғаны - өз елімізден. Франция, Ауғанстан, Түркия, Иран және тағы басқа елдерден отандастарымыз бақ сынайды.

Байқау үш бағытта өтеді: дәстүрлі қолөнер сайысы, термешілер байқауы және жыр мүшәйрасы. 

«Бұл фестиваль - жыл сайын өткізіліп келе жатқан айтулы шара. Мұндағы мақсат - шетелде тұратын қандастарымыздың басын қосып, ұлттық өнерімізді бірге ұлықтау. Биыл өнер додасын Елорда төрінде өткіземіз деп шештік. Ал келесі жылы алдымен еліміздің барлық өңірінде аймақтық фестиваль өткізіп, ішінен үздіктерін таңдаймыз. Сосын ғана жыл соңында Астанада ірі көлемде фестиваль ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана және Ақмола облыстық филиалының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнер шарасы шетелдегі отандастарымызбен қарым-қатынасты нығайту үшін маңызды. Және биылғы ерекшелік - алғаш рет Астанада өткізілуінде.

Халықаралық өнер бәсекесінің жалпы жүлде қоры - 3 млн теңгеге жуық. Шара Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен 7 қараша күні «Бейбітшілік және келісім» сарайында өтеді. Қолдаушы - Қоғамдық даму министрлігі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астанада шетел қазақтары бас қосқан болатын.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар