Астанада өтетін Азия чемпионатында Қазақстан атынан шығатын тәжірибелі балуандар кімдер

None
Фото: olympic.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан күрес федерациясының Бас хатшысы Димаш Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астанада өтетін Азия чемпионатында Қазақстан атынан шығатын тәжірибелі балуандарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан бұл чемпионатқа күрестің үш түрінен де толық құрамды команда қосқалы отыр. Олардың арасында халықаралық аренада бірнеше рет өзін танытқан атақты спортшыларымыз да бар. Грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов, Демеу Жадыраев, Алмат Кебіспаевтар, еркін күрестен Әлем чемпионатаның қазіргі қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков, әйелдер арасында Жәмилә Бақбергенова, Эльмира Сыздықова бар. Бұлардың бәрі – өте тәжірибелі спортшылар. Сондай-ақ, грек-рим күресінен Әлімхан Сыздықов Азия чемпионы атағын қорғайды. Былтыр Монғолияда өткен Азия чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Жалпы, бүгінгі таңда командалар келе бастады. Халықаралық күрес федерацияларының өкілдері де келіп жатыр. Баршаңызды 9 сәуір күні сағат 17.00-де өтетін ашылу салтанатына шақырамыз», - деді Димаш Сұлтанов.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова әйелдер командасының сапында Елена Шалгинаның да біріншікте бақ сыйнайтынын айтты. Оның мәліметі бойынша жарыста Қазақстан атынан шығатын 30 спортшының орта жасы мынандай: грек-рим күресінен – 29 жас, әйелдер күресінен – 25 жас және еркін күрестен – 24 жас.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 9-14 сәуір аралығында Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін 36-шы Азия чемипонатына құрлықтың 24 елінен 300-ден астам балуан қатыспақ.

Азия чемпионатында жеңген балуандардың жаттықтырушыларына да ақшалай сыйақы беріледі.


Соңғы жаңалықтар