Астанада отандық жаңа фильмнің тұсаукесері өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қазақфильм» киностудиясы түсірген режиссер Фархат Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі» («Тренинг личностного роста») атты фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген әлеуметтік драма жасы 40-қа келіп, орта жас күйзелісін кешіп жүрген банк қызметкері туралы баяндалады. Кинотуынды жазушы Данияр Сүгіралиновтың «Кірпіштер 2.0» романының желісі бойынша түсірілген.

Тұсаукесер шарасына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Қазақфильм» киностудиясының бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов, фильм режиссері Фархат Шәріпов және қоюшы операторы Александр Плотников қатысты.

«Қазақфильм» киностудиясының биылғы прокаттық маусымы жас режиссер Фархат Шәріпов түсірген «Тренинг личностного роста» («Тұлғалық өсу тренингі») фильмімен ашылып отыр. Бұл кинотуынды көрерменге ой салатын, астарлы картина. Кинода басты ролдерді елімізге танымал кино және театр актерлері сомдаған. Бұл актерлер нағыз суреткерлер. Олардың жасаған образдары ешкімді де бей-жай қалдырмайды, - деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, мерекелік кешке көпке белгілі өнер және қоғам қайраткерлері мен кино саласы мамандары қатысты.

«Бәлкім, жас буынға фильмнің драмалық негізін түсіну қиынға соғатын шығар. Картина өмірлік тәжірибесі бар, көп нәрсені басынан кешкен адамдарға ұғынықты. Айтпағым, жас көрермен кейіпкердің қартайған анасына қарауы, отбасы құрдымға кетіп бара жатқанына уайымдауы және жасөспірім қызымен тіл табыса алмауы секілді мәселелерді толық ұғынбауы мүмкін. Мен үшін фильмді көрген көрермен, одан өзіне керегін алса сол жеткілікті, - деді фильм режиссері Фархат Шәріпов.

Хабарламада айтылғандай аталған фильмнің әлемдік тұсаукесері 23 Пусан халықаралық кинофестивалінде өткен. Сонымен қатар, картинаның қоржынында екі бірдей жүлде бар, бірі 14-ші халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесі және Нетпак жүлдесі («Ар алдында таңдау жасаған адамның бейнесін астарлы көрсеткені үшін»).

Бүгіннен бастап отандық прокатқа шығатын кинотуынды Алматыда түсірілген. Басты рөлді Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіпов сомдайды, сондай-ақ Гүлжамал Қазақбаева, Әсел Қалиева, Филипп Волошин және басқа да актерлер ойнайды.

Соңғы жаңалықтар