Астанада «Оңтүстіктің жеті ерекшелігі» көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтетін Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері Құрбан айтпен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған орай, ОҚО мерекесін ұйымдастырушылар елорданың түрлі ойын-сауық орындарында келушілерге айттық дәм ұсынады.

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Әкім орынбасары Оңтүстік Қазақстан күндері аясында барлығы 43 мәдени көпшілік іс-шара өткізу жоспарланғанын, солардың ішінде «Оңтүстіктің 7 ерекшелігі» атауымен өткізілетін 7 маңызды шараны атап өтті. 

Оның айтуынша, біріншіден, 29 тамыз күні сағат 11.30-да Ұлттық кітапханада Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен шығарылған «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих», «Жаһан таныған жеті тұлға» кітаптарының және ертең сағат 11.00-де Астана қаласының оқушылар сарайында «Күш атасы - Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтеді.

Екіншіден, 29 тамыз күні кешкі 18.30-да «ҚазМұнайГаз» компаниясының ғимаратынан бастап, «Нұржол» желекжолының бойымен «Бәйтерек» алаңына дейін «Түркі елінің түп тамыры - Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты ежелгі тарихтан сыр шертетін бұйымдар тиелген түйелер мен аттардың керуені жүріп өтеді.

Үшіншіден, 29 тамыз күні сағат 19.30-да «Бәйтерек» алаңында оқушылар мен студенттерден құралған 600 жас домбырашы бір уақытта күй тартады. Бұл да - облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасы.

Төртіншіден, 31 тамыз күні «Құрбан айт» мерекесіне орай, Оңтүстік жастары қоғамдық көліктерде, адам көп шоғырланатын жерлерде бауырсақ, тәтті нан таратып, мерекемен құттықтайтын болады.

Бесіншіден, «Құрбан айт» мерекесінің бірінші күні этноауылда Оңтүстіктен түлеп ұшқан кәсіпкерлер шамамен 5000 адамға тегін палау таратады.

Алтыншыдан, 1 қыркүйек күні 11.00-де «Бәйтерек» монументінің алдында оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Бөкебаев Еркінбек құрастырған қазақ арбасымен елорда тұрғындары мен қонақтарына айттық дәм беріледі.

Жетіншіден, 1-2 қыркүйек күндері 2 қабатты ағылшын автобусымен елорданың адам көп шоғырланатын жерлері мен «Мәңгілік ел», «Сарыарқа» және т.б. басты көшелерінде музыкалық шеру ұйымдастырылады.

Еске сала кетсек, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Оңтүстік Қазақстан облысының күндері 29 тамыз - 3 қыркүйек аралығында өтеді.

Соңғы жаңалықтар