Астанада оқушылар арасында республикалық дебат турнирі басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Оқу-ағарту министрлігінің кубогі үшін оқушылар арасында республикалық дебат турнирі басталды. Іс-шара Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орайластырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарысқа еліміздің барлық аймағынан облыстық турнирлердің 100-ден астам жеңімпазы қатысып жатыр.

«Еліміздегі білім ордаларында дебат қозғалысы белсенді дамып келеді. Бүгінгі күні 6 мыңға жуық дебат клубы бар, оларға 100 мыңнан астам оқушы барады. Бұл оқушылардың пікірсайысқа деген үлкен қызығушылығын айғақтайды. Пікірталас балалардың өз ұстанымдарын дәлелдеуге, құқықтық мәдениетін, азаматтық белсенділігін арттыруға көмектеседі. Шығармашылық және сыни ойлау, топпен жұмыс істеу қабілетін дамытады. Турнир қорытындысы бойынша ел мектептерінің үздік ораторы (пікірсайысшы) анықталады. Дебат – «Оқуға құштар мектеп», мектеп парламенттері, шахмат және робототехника сияқты министрлік жүзеге асыратын басым жобалардың бірі», - дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық қосымша білім оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Республикалық дебат турнирінің жеңімпаздары I, II, III дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен, үздік спикерлер дипломдармен, ал команда жаттықтырушылары алғыс хаттармен марапатталады.

Турнирдің барлық қатысушысына сертификат беріледі.


Соңғы жаңалықтар