Астанада Наурыз мейрамы жаңа форматта атап өтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыған орай, 13 наурыз күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Ұлыстың ұлы күні»шарасы өтеді.

Мереке шеңберінде көрермендер ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ойындарды, ақындар айтысын, халық әуендеріне құрылған ән шашу мен күй тартыс сынды ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін тамашалай алады.

Сондай-ақ концерттік зал фойесінде қазақтың аңыз ертегілеріндегі Ертөстік, Алдар көсе сынды кейіпкерлермен театрландырылған көрініс ұйымдастырылады. Ал үлкен сахнада танымал әншілердің қатысуымен қайырымдылық концерт өтеді.

«Концерттің 400 билеті қайырымдылық мақсатта әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне беріледі», - делінген концерттік ұйымның баспасөз хабарламасында.

Мәлім болғандай, сахна төрінде Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Жеңіс Сейдуллаұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханов, Төреғали Төрәлі, Нұржан Керменбаев, Алтынай Жорабаева, Тамара Асар, Нұрлан Албан, Мөлдір Әуелбекова, Қарақат Әбілдина, Маржан Арапбаева, Жанболат пен Жазира, Мадина Сәдуақасова, Ардақ Балажанова, Бақыт Тұрман, Бауржан Ретбаев, «Әміре», Янис Кайсиди, Асқар Мұқият, Ерболат Чалдыбеков, Қамажан Аяулым, Нұрмұхаммед Жақып, Гүлнәр Көшенова, Айна Қалмағанбетова, Салтанат Мендіғалиева, Ербол Нариманұлы сынды белгілі әншілер мен «Жігіттер», «Райм&Артур» «Назар», «КешYou», «Азия» мен Бақай», «Формат», «Дарын», «Асыл», «Saz&soul» топтары өнер көрсетеді.

Бұған қоса, «Астана мюзикл» мемлекеттік театры үздік мюзиклдердің үзінділерін ұсынатын болады.

Айта кетейік, «Ұлыстың ұлы күні» концертінде көрермен сүйіп тыңдайтын халық әндері, заманауи сазды әуендер жанды дауыста «Астана сазы» және «Saz&soul» ұжымдарының сүйемелдеуімен орындалады.

Соңғы жаңалықтар