Астанада Наурыз мерекесіне орай 100-ден астам іс-шара өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Наурыз мейрамын мерекелеу аясында түрлі форматтағы 100-ден астам іс-шара өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтары концерттерге, мерекелік бағдарламаларға, көрмелерге, қойылымдарға, ұлттық спорт түрлері бойынша спорт жарыстарына, мерекелік іс-шараларға және тағы басқасына қатыса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, 15 наурыз күні сағат 12:00-де орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Армысың, әз – Наурыз» мерекелік кешін, ал 16 наурыз күні сағат 16:00-де «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні Наурыз!» іс-шарасын өткізеді.

16-17 наурыз күндері қаланың білім беру ұйымдарында оқушыларға арнап арнайы тақырыптағы көрмелер, кітапханалар мен мұражайларда конференциялар, сондай-ақ ардагер ұстаздармен кездесулер, театрландырылған қойылымдар, конкурстар дайындалады.

«Өркен» оқу орталығында «Наурыз тойы басталды» ұлттық ойын түрлерінен турнир өтеді.

16 наурыз күні сағат 19:00-де «Жастар» сарайы «Наурыз мейрамы құтты болсын!», ал 17 наурыз күні сағат 19:30-да «Наурыз – думан» мерекелік бағдарламасын ұйымдастырады.

16-28 наурыз күндері сағат 10.00-18.00 аралығында Сәкен Сейфуллин мұражайында «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік көрме өтеді.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да 17 наурыз күні факультеттер арасында мерекелік концерт пен дастархан жаю бойынша конкурс өтеді.

Елорданың Қуыршақтар театрында 17-31 наурыз аралығында жас көрермендер үшін «Наурыз – думан» қуыршақ шоуы ұйымдастырылады.

17 наурызда Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Палитра созвучий» концертіне шақырады, онда Камералық хор Гамбург әйелдер хорымен (Германия) бірлесіп, арнайы әзірленген бағдарламаны ұсынады. 20 наурыз күні сағат 19:00-де осы сахнада мәдениет саласындағы «Наурыз ұлттық сыйлығы» іс-шарасы өтіп, ұлттық сыйлық табысталады.

Сол күні әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы «Қара жорға» биінен флешмоб және «Наурыз – думан» күйлер челленджін дайындап отыр.

21 наурыз күні кешкі сағат 18:00-де Музыкалық жас көрермен театры «Жаздың соңы» премьералық қойылымын ұсынады. Ал 22 наурызда дәл осы сахнада «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, ал 23 наурызда – «Гауһартас» музыкалық-драмалық қойылымының премьерасы көрсетіледі.

21 наурыз күні сағат 19:00-де «Қазақстан» ОКЗ-да «Әнім сен едің» концерті өтеді. Сахнада еліміздің жетекші солистері, жас әрі талантты орындаушылар, заманауи эстраданың танымал жұлдыздары қазақтың белгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындайды.

21-23 наурыз аралығында ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында «Наурыз базары» Шығыс жәрмеңкесі өтеді. Шығыс жәрмеңке этностильдегі киімдердің, зергерлік бұйымдардың, керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттардың, кәдесыйлардың жаңа топтамаларын ұсынады. Нағыз гурмандарды шығыс тағамдары фестивалі күтеді. Жәрмеңке күн сайын жұмыс істейді: 21 наурыз сағат 13.00-ден 18.00-ге дейін, 22 және 23 наурыз күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін.

21 наурыз күні сағат 13:00-де ЭКСПО аумағындағы Nur Alem сферасының жанындағы ашық алаңда «Наурыз мейрамы» көшпелі өркениет фестивалі ашылады. Ол сондай-ақ 22 және 23 наурызда сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Фестиваль аясында мерекеге орай елорда тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді.

Фестиваль елорданың басқа да аудандарында ұйымдастырылады. Мәселен, Қазақ е лі монументінің алаңында және қалалық алаңда 21 және 22 наурызда сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін, 23 наурызда 11:00-ден 14:00-ге дейін өтеді.

Ауқымды іс-шаралар келесі елді мекендерде ұйымдастырылады :

Алматы ауданы:
- «Теміржолшылар» елді мекені;
- «Жерұйық» саябағы;
- «Күйшілер» аллеясы;
- «Интернациональный» елді мекені;
- «Мичурино» елді мекені.

Есіл ауданы:
- «Үркер» елді мекені;
- «Байтерек» монументі;
- «Пригородный» елді мекені;
- «Жағалау» нүлзары;
- «Арнау» тұрғын үй кешені;
- «Зеленый квартал» тұрғын үй кешені;
- «Назарбаев-Орталығы».

Сарыарқа ауданы:
- «Көктал» саябағы;
- «Қорғалжын» саябағы;
- «Агроқалашық» елді мекені.

Байқоңыр ауданы:
- «Ататүрік» саябағы;
- «Жазушылар» аллеясы;
- «Кирпичный» елді мекені;
- «Казгородок» елді мекені;
- «Өндіріс» елді мекені.


Соңғы жаңалықтар