Астанада науқасты сабаған дәрігер жұмыстан босатылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың Орталық темір жол ауруханасының басшылығы медициналық қызметкерінің науқасты сабау оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аурухананың бас дәрігері Сергей Демочкин сырқатты 26 жастағы кезекші терапевттің соққыға жыққанын растады.

"Соққыға жығылған науқас ауруханаға 2 қазанға қараған түні бас жарақатымен мас күйінде жеткізілген. Науқас өзін дөрекі ұстап, медициналық қызметкерлерді балағаттаған. Оны кезекші нейрохирург тексерген және жарасын таңып, үйіне жіберген. Бірақ,  ауруханаға қайтып келіп, жоғалған телефонын тауып беруді талап еткен. Сол сәтте науқас аурухананың кезекші терапевтіне тиісіп, жақын туыстарын балағаттаған және бокстан спорт шебері екенін айтып, жекпе-жекке шақырған. Бір рет ұрғанда дәрігер еш жауап қайтармаған, ал екінші рет ұрғанда науқасты кеудесінен итерген. Жерге құлаған науқасты ашумен тепкен", - деп түсіндірді бас дәрігер.

Оның айтуынша, іс материалдары Ішкі істер департаментіне жіберілген және тергеу жұмыстарымен қатар қызметтік тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

"Біз өз дәрігеріміздің әрекетін еш ақтамаймыз. Қызметтік тексеруден кейін оны жұмыстан шығарамыз. Бірақ, мас адамдардың мұндай "концерттері" ауруханада жиі кездеседі. Жұма күні, 28 қыркүйекте ішімдікке мас науқас күзетшімізді ұрып, медбикеміздің жағын сындырды. Нейрохирургтердің тең жартысы көгерген көзбен жүреді деуге болады. Яғни, мұндай оқиғаға бірінші рет кезігіп отырған жоқпыз", - деді С. Демочкин.

Айта кетейік, Инстаграм парақшасында медициналық қызметкердің науқасты сабаған видеосы тарап кеткен болатын. «Астана қаласының №2 ауруханасында» деген жазумен тараған видео қоғамда резонанс тудырып отыр.

Өз кезегінде қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі түсініктеме беріп, оқиғаның №2 қалалық ауруханада болмағанын мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар