Астанада нәрестені қолдан мүгедек етті деп айыпталған дәрігерлер тексеріліп жатыр

2022 жылғы 30 қараша, 14:56
Астанада нәрестені қолдан мүгедек етті деп айыпталған дәрігерлер тексеріліп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық әйел баласының мүгедектігіне дәрігерлерді кінәлады. Қазір дәрігерлердің үстінен қызметтік тексеріс жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астаналық әйел өз шағымын әлеуметтік желіде анонимді түрде қалдырған.

Жазбада айтылғандай, жүкті әйел биыл 12 тамызда елорданың №1 көпбейінді ауруханасының гинекология бөліміне түскен.

Айтуынша, дәрігерлер пациенттің өтінішіне құлақ аспай, жұмысына немқұрайлы қараған. Осылайша дәрігерлердің салғырттығынан балам мүгедек болып қалды деп шағымданады ол.

«Босанғаннан кейін ұлым реанимацияда - 10 күн, патологияда - 10 күн жатты. Олар баланы өте көп мәрте рентгенге түсірді. Мен ұлымның оң қолын бұрап алғанын байқадым. Диагноз –оң қолдың сал ауруы Дюшен-Эрба. Бұл - акушерлік паралич. Нәрестенің иығынан тартқанда оның жүйкесіне зақым келген. Балама енді өмір бойы оңалту мен жаттығу қажет болады. Ұлымның дені сау болған. Жүктілік кезінде дәрігердің нұсқаулығын орындап, тексеруге уақытында бардым. Менің көптен күткен сәбиім дәрігерлердің кінәсінен мүгедек болды», - деп жазды автор.

Аталған жайтқа Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ресми түсінік берді.

«Қазір аталған жағдайдың мән-жайын анықтау үшін қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Егер өтініште көрсетілген фактілер расталса, кінәлілер жауапқа тартылады», - дейді ведомстводан.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar