Астанада музей және кітапхана ісінің үздіктері анықталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық музейде мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» атты фестивалі қорытындыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған фестиваль 19 мамыр күні басталған болатын. Өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыс орнатуға мүмкіндік берген шараны жыл үздіктерін марапаттау шарасы түйіндемек. Музей, кітапхана ісінің елімізге танымал өкілдері ашық түрде дауыс беру арқылы музей және кітапхана ісінің облыстық, аудандық және ауыл деңгейіндегі үздіктерін анықтауы тиіс.

Фестиваль қорытындысына сай, өз саласының үздігі атанған ұжымдарға 1 млн теңгенің, үздік қызметкер атанған мәдениет өкіліне 500 мың теңгенің сертификаты табысталады.

«Үздік аудандық музей» аталымы бойынша бірінші орын иеленген Қостанай облысының Лисаков қалалық мұражайының директоры Шынар Ермағамбетова мұндай ынталандыру мәдениет саласы өкілдеріне шабыт сыйлап, табысты жұмыс істеуіне қамшы болатынын айтады.

«Лисаков қаласының халық саны 41 мың адам ғана. Сондағы жалғыз музей болғандықтан, көптеген мәдени шараларға мұрындық болып жүрміз. Жүздеген музейлердің арасында үздік атанамыз деп ойлаған да жоқпыз. Қорымызда 18 мың жәдігер бар. Оның көбі археологиялық экспонаттар. Жыл сайын 16 мың адам келеді. Лисаков сияқты шағын шаһар үшін бұл айтарлықтай көрсеткіш. Соңғы кезде елдегі музейлер өте табысты еңбек етіп келеді. Сондықтан, бүгінгідей қолдау шаралары өте орынды өткізіліп отыр деп ойлаймын», - дейді Шынар Ермағамбетова.

Соңғы жаңалықтар