Астанада «Музей түні» халықаралық акциясы өтеді
2022 жылғы 13 мамыр 22:18

Астанада «Музей түні» халықаралық акциясы өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 18 мамыр күні астана тұрғындары мен қонақтары Ұлттық музейге тегін кіріп, ондағы құндылықтарды тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл дәстүрлі, мәдени-танымдық шара «Музей құдіреті» атты тақырыпта өтеді. Елорда жұртшылығы 18 мамыр күні сағат 18:00-ден түні 00:00-ге дейін Ұлттық музейде өтетін айтулы шараның куәсі бола алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараның мақсаты – мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын көпшілік назарына ұсыну.

Сондай-ақ, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.

«Музей түні» шарасы Қорғаныс министрлігі мен ұлттық Ұлан оркестрінің салтанатты дефилесімен басталады. Сонымен қатар ішкі атриумда «Астана опера» театрының қойылымы ұсынылады. Одан әрі «Астана циркі» өнерпаздарының қойылымына жалғасады. Сол сияқты Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерті жоспарланып отыр», - деді ҚР Ұлттық музейінің БАҚ-пен байланыс бөлімінің қызметкері Дидархан Құрманғазыұлы.

Сондай-ақ, музейге келушілер қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар жәрмеңкесіне қатысып, отандық классик суретшілердің туындыларын тамашалай алады.

«Одан бөлек, «Жұлдызды гид» жобасы аясында Бейбіт Қорған, Рухия Байдүкенова, Ақерке Тәжібаева, Әділхан Макин және тағы басқа өнер жұлдыздары келушілерді музей залдарымен таныстырады», - дейді ол.

Еске сала кетсек, елімізде «Музей түні» акциясы алғаш рет 2015 жылы ұйымдастырылды. 2020 және 2021 жылы пандемияға байланысты аталған шара онлайн форматта өтті. Араға 2 жыл салып, биыл дәстүрлі форматта өтпек.

Айта кетейік, жыл сайын 18 мамырда халықаралық музей күні аталып өтіледі. Оның аясында әлем елдерінде «Музей түні» акциясы ұйымдастырылады.


Сурет: visitnursultan.kz


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT