Астанада мониторингтік топ 160 адамға арналған қыз ұзату тойының үстінен түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полиция, әкімдік және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері қатарындағы мобильдік топтар карантин режимінің бұзылуын анықтауды жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жексенбі күні сағат 18:34-те «Қызылқұм» мейрамханасында жасалған рейд барысында мониторингтік топ «Қыз ұзату» салтанатының үстінен түскен. Тексерушілер келген кезде той нағыз қызған шағында болған. Мекеме ғимаратында 160 адам көңіл көтеріп, тойлатқан. Олардың арасында қарттар мен жас балалар бар.

«Адамдар тобында бірнеше сағат өткізген бейқам азаматтар өздерінің денсаулығына ғана емес, айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына да қатер төндіретінін түсінбейді», – дейді Нұр-Сұлтан полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Айтмағамбетов.

Тойхана иелеріне қатысты жиналған материал ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізу үшін уәкілетті органға жіберілді.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті кәсіпкерлерді санитарлық нормаларды сақтауға шақырады. Полицейлер азаматтарға көпшілік іс-шараларға қатыспауға және отбасылық мерекелерді өткізбеуге кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар