Астанада «Мета-Ғалам» атты заманауи сурет көрмесі ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел астанасындағы Kulanshi заманауи өнер орталығында суретші Лейла Махаттың ұйымдастыруымен жас суретшілер көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Kulanshi галереясына қойылған бұл жолғы туындылар да ерекше арт кеңістік тудырғандай әсер қалдырады.

Жанды суреттердің үйлесімін төбеңнен төне жылжитын ерекше кескіндер одан бетер түрлендіреді.

Kulanshi орталығына жиі бас сұғатын өнер жанкүйерлері мұны Лейла Махат бастаған ұжымның тағы бір тың сүрлеуіне балап отыр.

«Мен үшін көрмеге қоятын туындылардың мазмұнын барынша ашып, кеңістікпен үйлестіріп ұсыну өте маңызды. Сурет көрмесін алтыншы жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Әлемді басқаша сезінетін адамдар бар. Сол сезімнен туған толқынысты іште көп сақтап жүре алмайды. Ол өнер туындысы болып сыртқа шығуы керек. Суретшілерді өкпелетуге тіптен болмайды. Тарих бізге соны үйретті», - дейді Лейла Махат.

Көрменің атын «Мета-Ғалам» деп қойыпты.

«Бұл көрмені жоспарлағанымызға бір жыл болды. Бірінші атауын ойластырдық, жарты жыл бұрын көрменің концепциясын таптық. Монтаж жұмыстарына кіріскен кезде Цукерберг те Facebook-тің ресми атауын «Meta» деп өзгертіп жатты. Қызық кездейсоқтық еді», - дейді суретші.

Көрмені ұйымдастырушы «Мета-Ғаламның» мәнін көрмедегі суреттерден іздеу керек екенін айтады.

«Ғалымдар арасында мультиғаламның бар-жоғы туралы дау бар. Ал метағалам параллель әлемдерді де қамтиды. Ойдан пайда болған ваккумдар мен ландшафтар, энергетикалық пернелер. Мұның бәрі кванттық физиканың, ғарыш ілімінің өзегі десек, өнердің қандай қатысы бар? Ғылым тұрғысынан алсақ, бәрі де салыстырмалы. Ал өнер тұрғысынан алсақ, бәрі оп-оңай. Суретші өзі ойдан құрған әлемде өмір сүре алады. Қазақстанның әр қаласынан келген жас суретшілердің стилі, техникасы, бағыты, жанры, мінезі, қолтаңбасы, өмірге деген көзқарасы бір-біріне ұқсамайды. Әркімнің жүріп өткен жолына байланысты өз әлемі бар. Ол әлем естеліктерден, сезімдерден, үміттерден құралады. Ал суретші ешқандай қорғанышы болмаса да, сол әлемдерге жүрегін ашып, соның аурасында тыныстайды, әлеуметтің энергетикалық тербелістерін өз бойына қабылдайды. Осының бәрі суреткердің жүрегіне бейне ретінде шоғырланып, қылқалам арқылы кескін болып қайта шығады», - деп түсіндірді Лейла Махат.

Көрмеге 86 кескіндеме мен графика туындылары қойылған.

Авторлары: Алмас Нұрғожаев, Әнуар Шаймергенов, Сәулет Жәнібек, София Тайдер, Нұрболат Асқар, Аруай Тасмағанбетова, Дархан Бегдатұлы, Стас Агапитов, Айтжамал Тастамбекова.

«Әйел кейпіндегі бақыт құсы»

Айтжамал Тастамбекова қылқаламмен сырын жайып салу үшін шеберхананың болуы шарт емес деп есептейді. Шабыты келген сәтте асүйдің бұрышын да, жатын бөлменің қақ ортасын да шеберханаға айналдыра салады. Бір қызығы ол суретін кенепке де, қағазға да, ағашқа да емес, газет бетіне салады...

Көрмеге «Бақыт құсы» сериясымен салынған туындыларын әкеліпті.

«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен бүкіл әлемді тербетеді деген керемет сөз бар. Осы туындыларым арқылы сол қанатты сөзді кескіндеме тілінде сөйлетуге тырыстым», - дейді өзі.

Шаңырақ жылуы

27 жастағы Нұрболат Асқар – Лейла Махаттың шәкірті. Қазір өзі де балалар көркемсурет мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Шағын ғана шеберханасында балаларға суретшіліктің әліппесін үйретеді. Ұстаздықтан қолы қалт еткенде өз шеберлігін шыңдайды.

Бүгінгі көрмеге оның 18 шығармасы қойылған.

«Суретшіде мінез болу керек. Қарапайым этюдтен күрделі композицияға дейінгі жол бар. Сол жолды айнымай жүріп өту үшін ерік-жігер қажет. Өнерді бәрі бірдей түсіне бермейді, сол себепті қолдау да аз. Қайта мені қолдайтын анам, жұбайым мен балаларым бар. Солардың үмітін ақтауға тырысамын», - дейді суретші.

Instagram-нан – Kulanshi-ға

Стас Агапитов суреттер3y бірінші рет көрмеге ұсынып отыр. Бұған дейін тек Instagram-да жариялап жүрген екен.

«Мен абстракцияны жақсы көремін. Шабытты шақта ғана қолыма қылқалам алатындығымнан шығар, сурет салу кезіндегі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бояу, кенеп, музыка. Осы үшеуі үйлесім таппаса, сурет сәтсіз шыққаны», - деді суретші.

Тараз қаласында сәулет дизайнері мамандығына оқыған Стас Агапитов біраз уақыт суретшіліктен қол үзген екен. Ал 2019 жылы түбегейлі өнер жолына түскен.

«Екінің бірі сурет тілін түсіне бермейді. Әлеуметтік желіге жариялаған еңбектерімнің астына «Мұндайды менің балам да салады» деп жазатындар бар. Бірақ қызығушылық танытып, сатып алатындар да бар. Instagram интерьер өнерін дамытып жатыр. Мен де сол арқылы табыс көре бастадым. Бірақ нағыз өнер иесі болу үшін өз стилімді дамыту керек екенін түсіндім. Бүгінгі көрмеге қойылған туындыларымды өзім өнерге жатқызамын», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар