Астанада «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын өткізіледі.

Биыл конкурсқа қатысуға 151 отбасы құжат тапсырды (2019 жылы – 63, 2021 жылы – 120).

Іс-шара кезінде көрермен қауым әр жанұяның өмірбаянымен танысты. Экранда отбасылар жайлы бейнематериалдар көрсетілді.

Жеңімпаз отбасылар: ІІІ орын Айтқұловтар және Жүнісбековтер отбасы. ІІ орын Әуеловтер және Олжабаевтар отбасы. І орын Сағитовтар әулеті.

Сағитовтар әулеті бүгінде 3 қыз, 3 ұл тәрбилеп отыр. Отағасы Дулат Сағитов 45 жаста. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиадалық жаттығу орталығында жұмыс істейді. Аналары Айнагүл Сағитова 40 жаста. Қыздарының бәрі республикалық би жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Олардың бірі көркем гимнастикадан 1-разрядқа ие. Үлкен ұлы «Астана» хоккей клубында спорттық карьерасын бастаған.

Сондай-ақ 10 әулет түрлі номинация бойынша үздік деп танылды:

«Үлгілі отбасы» номинациясы – Нұрғалиевтар отбасы;
«Өнегелі отбасы» номинациясы – Айтқожиндер отбасы;
«Қайырымды отбасы» номинациясы – Құсайыновтар отбасы;
«Дарынды отбасы» номинациясы– Ержұмановтар отбасы;
«Шығармашыл отбасы» номинациясы – Пташинскийлер отбасы.

«Жас отбасы» номинациясы– Әуезовтер отбасы;

«Берекелі отбасы» номинациясы – Серікбаевтар отбасы;
«Салауатты отбасы» номинациясы – Рузахуновтар отбасы;
«Қайсар отбасы» номинациясы – Бұзауовтар отбасы;
«Ұлағатты отбасы» номинациясы – Жақыповтар отбасы.

«Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта 2013 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланған болатын», – деді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.


Фото: Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі







Соңғы жаңалықтар