Астанада мереке күндері 40-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жаңажыл күндері 40-қа жуық жол-көлік апаты болды, деп хабарлайды елордалық ІІД баспасөз қызметі.

«Астанада жаңа жыл тойлау мерзімінде ауыр қылмыс жасалмады. Елордада 1 500-ден астам полиция қызметкері, 200-ден астам қызметтік автокөлік қоғамдық тәртіпті күзетті. Астана көшелерінде патрульдік қызмет күшейтіліп, полицияның учаскелік инспекторлары белгіленген әкімшілік аумақ бойынша өз қызметтерін атқарды», - делінген хабарламада. Халық көп серуендейтін орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Полиция бөлімшелерінде оқиға орындарына уақытылы жету үшін қосымша тергеу-жедел топтары құрылды.

Жаңа жыл күндері полицияға негізінен спирттік ішімдіктерді көп пайдаланғаннан және отбасылық түсініспеушіліктерден болған келіспеушіліктер туралы қоңыраулар келіп түскен. Ондай хабарламалар саны 180-ге жеткен. Айтылған орындарға қосымша құрылған топтар барып, әкімшілік және алдын алу шараларын қолданды.

40-қа жуық жол-көлік оқиғалары тіркеліп, салдарынан 5 адам әртүрлі дене жарақаттары алды.

Еске сала кетсек, 31 желтоқсан және 4 қаңтар аралығында Астана қалалық ішкі істер департаментінің жеке құрамы күшейтілген түрде қызмет етеді. 

Соңғы жаңалықтар