Астанада менингитке шалдығу күдігімен 2 жасар сәби ауруханаға түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы ауруханалардың біріне менингитке шалдығу күдігімен 2 жасар сәби жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

«Бала (2 жас, 1 ай) кеше, 4 маусым күні, қалалық Балалар жұқпалы аурулар  ауруханасына түсті. Жансақтау бөлімінде жатқанына екінші тәулік болды. Алдын ала қойылған диагноз: «Менингококктық инфекция, жайылған түрі (менингит), ауырлығы жоғары», - деді мекемедегілер.

Сондай-ақ, басқарма өкілдері науқас баланың денсаулық жағдайы туралы айтты.

«Жасалып жатқан терапияның арқасында жақсару белгілері бар. Бала есін біледі, белсенділігі сәл төмен. Бактериологиялық зерттеулер жүріп жатыр. Диагнозды растау үшін бактериологиялық материал Ұлттық сараптама орталығының референс-зертханасына жіберілді», - деді Денсаулық сақтау басқармасынан.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Астанада 3 жасар бала менингит белгілерімен ауруханаға түскен болатын. Кейін дәрігерлер ол баланың ұзақ уақыт Алматыда болғанын хабарлады. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, 2018 жылдың басынан бері менингококк инфекциясын жұқтыру күдігімен 593 адам қаралған, олардың 213-і емдеуге жатқызылған. 58 науқастан менингококк инфекциясы расталды. Бүгінге дейін он адам емделіп шығарылды, 55-і емін жалғастыруда.

«Аталған сырқаттан 13 адам қайтыс болды: Алматы облысында - 4, Қызылорда облысында - 1, ОҚО - 2, Алматы қаласы - 6 адам. Өкінішке қарай, қайтыс болғандар арасында алты бала бар», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар