Астанада мемлекеттік күзет қызметіне 19 жасқа толмаған азаматтар алынып келген

None
None
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат -Астана қаласының прокуратурасы елордалық Ішкі істер департаменті мемлекеттік күзет қызметі бөлімінің іс-әрекеттерінен бірқатар бұзушылықтарды анықтады.

Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

Мәліметтерге сүйенсек, елордада барлығы 561 күзет ұйымы тіркелген. Оның ішінде күзетшілердің саны 5 435 құрайтын 283 күзет ұйымы жұмыс істейді, қалған 278-і жұмыс істемейді. Қызметтік қаруды пайдалануға 66 күзет ұйымында рұқсаты бар.

Ал қалалық прокуратура жүргізген тексеру барысы ІІД қызметкерлерінің күзет ұйымдарының әрекеттерін толық тексере бермейтіндігі анықталды. Бұған анықталған бұзушылықтар дәлел. Мәселен, іріктеп тексеру нәтижесінде 9 күзет ұйымының қызметінде 47 бұзушылық тіркелген.

«Арнайы дайындықтан өтпеген және тиісті күзетші куәліктері жоқ 19 жастан төмен адамдардың қабылдануы күзет ұйымдарына тән бұзушылықтар болып табылады. Аталған бұзушылықтар «Күзет қызметі туралы» ҚР Заңының 10-бабына қайшы келеді. Осыған байланысты, қалалық прокуратура күзет ұйымдарына қатысты 8 әкімшілік іс қозғады. Жалпы салынған айыппұл сомасы 865 500 теңгені құрады. Сонымен бірге, Үкіметтің 2000 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы қару мен оның патрондары айналымы ережесінің бұзатын нақты фактілер анықталды. Атап айтқанда, 7 қызметтік атыс қаруы арнайы қару-жарақ бөлмесінде сақталмай, тәулік бойы бекеттерде кезекшілікке түскен кезде бір күзетшіден екіншісіне беріліп келген», - делінген баспасөз хабарламасында.

Аталған бұзушылықтар үшін «Груп 4 Секьюрити Казахстан» ЖШС филиалының директоры Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша, прокуратураның заңдылықты бұзу себептері мен жағдайларын жою туралы ұсынымы бойынша заңдылықтарды бұзғаны үшін Ішкі істер департаментінің 3 бөлім қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар