Астанада мемқызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін апробациядан өткізу қорытындылары талқыланды. Бұл жайлы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Отырысқа агенттік басшылығы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы, Астана қалалық әділет департаментінің басшысы, Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қатысты.

«Қызметкерлер арасында агенттік өткізген аноним сауалнамада шамамен 95% респонденттер еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көңілі толатынын білдірген. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы мен Астана қаласындағы басқармаларда атқарушы звеноның (жетекші, бас мамандар) орташа жалақысы 2,2 есе, Маңғыстау облысындағы ауылдық округтер әкімдіктерінде 2 есе өскен», - делінген хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша көшбасшы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, төмен жалақы қызметшілердің пара алуына себеп болады.

Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру кадрлардың коммерциялық секторға кетіп қалуының алдын алып, мемлекеттік қызметке үздік мамандарды тартуға септігін тигізеді.

Жаңа жүйе енгізілген органдарда жұмыстан босау көрсеткіші 3 есе қысқарған, ал бос орындарға үміткерлер саны 2 есеге артқан.

Мәселен, Қарағанды облысында бас маман лауазымына 55 адам, ОҚО-да жетекші маман лауазымына 47 адам үміткер болып отыр.

Пилоттық жобамен қатар Астана қаласы және Маңғыстау облысы әкімдіктерінде құрылымдарды және бизнес процестерді өзгерту жұмыстары жүріп жатыр. Астана әкімдігінде басқармалардың саны 26-дан 18-ге дейін қысқартылды.

Қызметкерлерді басқарудың бірыңғай қызметі, Бақылау саласындағы бірыңғай орган құрылды, Астана қаласы тұрғындарына жәрдем ретінде «iКоmек» кері байланыс жүйесі іске қосылды. Пилоттық жобаның іске асырылуын агенттік жіті бақылап отыр.

Соңғы жаңалықтар