Астанада мектеп тамағын дайындайтын комбинат ашыла ма - Басқарма жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мектептегі тамақтандыру комбинатын бизнеспен серіктестік аясында ғана тұрғызуға болады. Комбинат жайлы осы пікірді Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер комбинатты тұрғызуға дайын адамдар табылып, осы арқылы сапа көтерілетініне, олардың тамақтандыруды түрлендіре алатынына көз жеткізсек, әлбетте, бұл қадамға барамыз (...) Қазіргі уақытта инвесторлармен нақты келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Шешім жақын арада қабылданады», - деді Әнуар Жанғозин әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, осындай комбинаттың тұрғызылуы бірқатар мәселені шешуге жол ашады. Ең бірінші кезекте, азық-түліктің көптеп алынуының арқасында тамақ әзірлеу құны төмендеп, сапасы да арта түседі. Себебі, азық-түлік тікелей фермерлік шаруашылықтардан, жеміс-жидек, көкөніс өсіретін өндірушілерден жеткізілетін болады.

Жалпы, Астанада мектептегі тамақтандыруды жолға қоятын комбинатты тұрғызу туралы бастама бұрыннан айтылып келе жатыр.

Еске салайық, білім басқармасы өткізген бүгінгі баспасөз мәслихатында мектеп асханасында онлайн төлем жүйесін енгізу жайы айтылды. Оның арқасында ата-аналар баласының қандай тамақ ішкенін біліп отырады. 

Сонымен қатар, елордалық мектептердің ас дайындау бөлмелеріне бейнекамера орнатылуы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар