Астанада мектеп автобусына қызығушылық төмен - Астана ЛРТ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЛРТ» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов «Мектеп bus» жобасының тұжырымдамасы қашан дайын болатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мектеп bus» жобасы - қала көшелеріндегі көліктерді азайтудың бір амалы. Таңертең қала көшелерін лық толтырған көліктердің 40 пайызы - балаларын мектепке апара жатқан ата-аналардың көлігі. Сондықтан, «Мектеп bus» жобасының концепциясын әзірлеу мәселесі өте маңызды. Бүгінгі күні жобаның бірнеше концепциясын әзірледік. Аталмыш концепцияларды әкімдікке таныстырамыз. Мәселе мынада: ең алдымен жобаны кім қаржыландырады? Балаларды автобуспен тасығаны үшін субсидия беріле ме, жоқ па? Сондықтан, аталмыш сұраққа қатысты нақты жауабымыз жоқ», - дейді Бейбіт Есжанов Астанада әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қала әкімі Бақыт Сұлтанов «Мектеп bus» жобасының түпкілікті концепциясын әзірлеу жұмысын осы жылы аяқтауды тапсырған.

«Концепцияны түпкілікті аяқтағаннан кейін міндетті түрде таныстырамыз. Қазір 50 пайызын ата-аналар, қалған 50 пайызын әкімдік төлеуі мүмкін деген әңгіменің рас-өтірігі туралы ештеңе айта алмаймыз. Себебі, бәрі есептеуде анықталады», - дейді ол.

Бейбіт Есжанов өз сөзінде бұрын да «Мектеп bus» жобасы іске қосылып, балалардың арнайы автобуспен тасымалданғанын айтты.

«37 мектепті аралап, ұсыныстарымызды білдіргенімізбен, екі автобусқа ғана сұраныс болды. Ата-аналар балаларын арнайы автобуспен тасымалдауға аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Концепцияны әзірлеуде мұның бәрін ескеріп отырмыз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, «Astana LRT» ЖШС жуық арада «Мектеп bus» жобасы аясында қайтадан арнайы автобустар шығарғалы жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар