Астанада медицина қызметкерлеріне арналған 3 жатақхана салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада акушер-гинеколог, неонатолог, анестезиолог және реаниматолог сияқты мамандардың тапшылығы байқалады, деп хабарлайды әкімдіктің сайты.

«Әйел денсаулығы - ұлт денсаулығы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың келтірген мәліметтеріне қарағанда, Астанада бала туу жасындағы әйелдердің саны 20 жылда 4,6 есе өссе, акушер-гинекологтар саны 2,6 есеге артқан.

«1998 жылы Астана қаласындағы акушер-гинеколог мамандарының саны 119 болса, бүгін бұл көрсеткіш 320-ға жетіп, 2,6 есеге артқан. Бала көтеруге қабілетті әйелдер саны 1998 жылы 70 мыңды құраса, қазір олардың саны 325 мыңға дейін жетіп отыр. Көрсеткіш 4,6 есеге артқан.  АМЖЖ-нің акушер-гинекологтармен қамтылу көрсеткіші штаттық кестенің 85% құраса, стационарлық деңгейде акушер-гинекологтардың штаты 90 % шамасында», - деді Қ. Надыров.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы кешенді шараларды қолға алды.

«Мамандардың тапшылығына әсер ететін факторлардың бірі - Астанада баспананың жоқтығы. Тек биылдың өзінде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін перзентхана мамандарына 10 пәтер бөлінді. Алдағы уақытта 1 500 пәтері бар үш жатақхана салынады деп  жоспарланып отыр. Сондай-ақ, баспананы қолжетімді ету мақсатында тұрғын үй сертификаттарын беру мәселесі де қарастырылып жатыр», - деді К. Надыров.

Мұндай сертификаттар осы жылдың желтоқсанында беріледі.   

Соңғы жаңалықтар