Астанада медицина қызметкерлері үшін баспана салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада медицина қызметкерлері үшін баспана салынатын болады. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров ана мен бала өлімі оқиғаларының санын азайтуға бағытталған шараларды қабылдау жөніндегі қалалық штабтың көшпелі отырысында мәлім етті.

Астана әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 20 жылда елордада 287 мың сәби дүниеге келген. Осы жылдары ана мен бала өлім-жітімін азайту мақсатында шұғыл шаралар қолға алынды. Олардың аясында елорда ауруханаларындағы орын саны арттырылып, кадр тапшылығы мәселесі шешілді, қызмет көрсету мамандары біліктіліктерін көтерді.

«Елорда тұрғындары санының өсімін есепке ала отырып, № 1 аурухананың базасында 250 орынға арналған жаңа босандыру блогының құрылыс жобасын бастадық. Сондай-ақ, № 2 көпбейінді ауруханада орын санын 185-тен 220-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдадық», - деді Қамалжан Надыров.


Оның айтуынша, кадр тапшылығын жою үшін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы еліміздің жетекші ЖОО-мен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Қажетті мамандар мемлекеттік грант есебінен дайындалып жатыр.

«Мамандардың тапшылығына әсер ететін факторлардың бірі - Астанада тұрғын үйдің жоқтығы. Тек биылдың өзінде босандыру қызметінің білікті мамандарына 11 пәтер бөлінді. Алдағы уақытта медицина қызметкерлеріне баспана салу жоспарлануда. Сондай-ақ, баспананы қолжетімді ету мақсатында тұрғын үй сертификаттарын беру мәселесі де қарастырылған», - деді Қ. Надыров.

Тәжірибелі мамандардан құралған мобильді топтар құрылды. Олардың құрамында  білікті акушер-гинекологтар, қан тамырлары хирургтері, анестезиолог-реаниматологтар бар. Тамызда басқарма № 1 перинаталды орталық пен  № 2 қалалық аурухананы біріктіру арқылы № 2 қалалық көпбейінді аурухананы құрған болатын. Бұл, өз кезегінде экстрагениталды патологиясы бар әйелдерге уақытылы және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік берді.

Қамалжан Надыровтың айтуына қарағанда, соңғы жылдары экстрагениталды патологиясы бар аяғы ауыр әйелдердің миграциясы артуда. Мәселен, 248 әйелдің 34% - басқа қалалардың тұрғындары.

Соңғы жаңалықтар