Астанада медиацияны дамыту мәселесі талқыланып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Еңбек қатынастарындағы медиация» атты семинар-кеңес өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медиация тақырыбына арналған отырыста еңбек құқығы, еңбек қатынастарындағы кәсіподақтардың рөлі, еңбек дауларын шешу кезінде медиация шараларын қолдану және кәсіподақтардағы шетелдік медиация тәжірибелерін зерттеу мәселелері талқыланып жатыр.

«Ағымдағы жылы құқықтық білім беруді дамыту аясында ҚР Жоғарғы соты мен Кәсіподақтар федерациясы арасында «Татуласу» орталығын құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Бүгінде соның аясында кәсіпқой медиаторлармен және соттармен еңбек, әлеуметтік және басқа да дауларды шешу бойынша бірлескен жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымының базасында 16 аймақта татуластыру орталығы мен медиация кабинеті ашылды. Кәсіподақ мамандары еңбек медиациясы істерін белсенді түрде қарастыруда, өйткені медиация - әлеуметтік және еңбек дауларындағы консенсустың негізгі құралы», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев.

Оның айтуынша, бүгінде сот жүйесі мен  құқық қорғау органдарында медиация қызметі алға қойылған. Сондай-ақ,  «Татуласу» орталығының жұмысын одан әрі дамытып, институт құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Семинар-кеңес жұмысына ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Жоғарғы сотының, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және кәсіподақ ұйымдары өкілдері мен медиация мамандары қатысуда.

«Бізде медиация туралы заң 2011 жылы қабылданды. Дегенмен, оның жұмысы биыл ғана жандана түсті. Бүгінде «Татуласу» орталығынан бөлек әр облыстық және аудандық соттың жанынан медиация кабинеті жұмыс істеп тұр. Медиаторлардың негізгі міндеті - дауды сотқа жеткізбей шешу. Одан бөлек, сотта келісім комиссиясы жұмыс істейді. Сондай-ақ, халықтың сот саласындағы сауатын көтеру орталығының да жұмысын айтып өту керек, себебі азаматтардың өз құқығы мен міндетін білуі маңызды. Өз құқығын жақсы білген азамат ешқандай құқықбұзушылықтарға жол бермейді», - деді ҚР Жоғарғы сотының судьясы Бауыржан Жұмағұлов.

Аталған шара Қазақстан мен Өзбекстандағы Ф.Эберт қорының қолдауымен өтуде.

 

Соңғы жаңалықтар