Астанада ломбард қызметкері кәсіпкерге 58 млн теңге шығын келтірген
2022 жылғы 18 мамыр 20:38

Астанада ломбард қызметкері кәсіпкерге 58 млн теңге шығын келтірген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық кәсіпкер Света Жанайдарованың бұрынғы жұмысшысы қызметін асыра пайдаланып ірі көлемде қаржылай және заттай шығын келтірген. Бұл туралы аталған кәсіпкер мен оның адвокаты мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл оқиға 2017 жылғы 4 қазаннан бастау алады. Ломбард материалдарына жауапты кассирдің үстінен іс қозғалды. Араға 1,5 ай уақыт салып аталған іс белгісіз себеппен жоғалды. Ішкі істер министріне жүгінген соң жоғалған іс табылды. Ол бойынша 1 жылдан астам уақыт бойы соталды тергеу амалдары жүрді. Шаруа өнбеген соң министрдің жеке қабылдауына кірдім. Содан соң ғана іс сотқа жіберілді. Нәтижесінде 3 сот отырысы өтті. Әр отырыс сайын сот өкілдері істі негізсіз тоқтатуға тырысып бақты. Соңында ойлағандары болып, қылмыстық істі қарау тоқтатылды. Сот өкілдерінің айтуынша, істі одан әрі қарау үшін дәлел мен айғақ жетіспейді. Десек те, біздің қолымызда видео, аудиодәлелдер мен куәгерлер бар. Биыл, міне, 5 жыл болады. Ал мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді», - деді «Ломбард-Триумф-А» ЖШС директоры Света Жанайдарова Нұр-Сұлтан қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ломбардтың бұрынғы қызметкерінен зардап шеккен басқа да азаматтар бар.

«Ол қызметкер менің ломбардымда 1 жылдан астам жұмыс істеді. Ол өз қызметін пайдалана отырып ломбардқа түскен пайданы ақшалай және заттай жымқырып келген. Жалпы шығын көлемі 58 млн теңгеден асып түседі. Сонымен қатар күдікке ілінген бұрынғы қызметкерім «маған ештеңе істей алмайсың, менің байланысым мықты» деген ескерту жасады. Болған жайт бойынша мен бармаған орган қалған жоқ. Құзырлы органдардың бәрінде болдым. Жағдайды түсіндірдім, соған қарамастан іс тоқтап тұр. Сондықтан шындықты іздеп «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгіндім, ендігі үміт БАҚ өкілдерінде», - дейді ол.

Сондай-ақ, зардап шегушінің мәлімдеуінше, бұрынғы қызметкері келтірген шығынды әлі күнге дейін ломбард қожайыны өзі өтеп келеді.

Одан бөлек, зардап шегуші белгісіз біреулердің қорқытып, жеке басына қауіп төндіргенін айтты.

«Менің клиентім жеке кәсіпкер. Ол жаңа қызметкерді ломбардқа жұмысқа алады. Уақыт өте келе ломбард қожайыны түсіп жатқан пайданың азайғанын, жетіспеушілікті байқайды. Өз кезегінде қызметкер жауапкершіліктен қашқақтай бастайды. Кейін қожайын ломбардтан ірі көлемде қаржы жымқырылғанын анықтайды. Айта кетсек, ломбард қызметінде іс жүргізу бойынша арнайы бағдарлама бар. Соның көмегімен бүкіл процесті анықтауға болады. Тексере келе ақшалай шығыннан бөлек, заттай шығын да тіркеледі. Қожайын бірден полицияға хабарласады. Сол сияқты ломбардта болған жайттың барлығы бейнебақылау камерасына жазылған. Яғни, кімнің қашан келгені, не болғаны - бәрі бар», - деді зардап шегушінің адвокаты Жақсыбек Айымбетов.

Осылайша зардап шегуші мен оның адвокаты болған жайтқа қатысты істің қайта қолға алынып, тиісті шара қабылдануын талап етіп отыр.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT