Астанада қызметтік иттер 80-нен астам қылмысты ашуға көмектескен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері елорданың Кинология қызметінің иттері 80-нен астам қылмысты ашуға көмектескен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласы полиция департаментінің Кинология қызметінде 31 кинолог жұмыс істейді. Онда неміс овчаркасы, бельгиялық овчарка, төбет сынды түрлі тұқымдағы 61 қызметтік-іздестіру иті бар.

2022 жылдың 9 айында бұл иттер 2390 рет іздестіру жұмыстарына тартылған. Оның ішінде есірткі заттарын іздеу бойынша 294, иіс арқылы із кесуге – 182, жарылғыш заттарды іздеу бойынша – 849, одорология бойынша – 463, периметрді күзету бойынша – 602 жұмыс атқарылған.

«Қызметтік иттерді қолдану жыл басынан бері 82 қылмыстың ашылуына ықпал етті. Олардың ішінде ұрлық, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру, ұсақ ұрлық, кісі өлтіру, тонау, зорлау бар», - деді Астана полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары Рауан Дәулетов.

Мәселен, спикердің айтуынша, өткен айдың соңында иттердің көмегімен Қызылорда облысының тумасы есірткімен ұсталған. Тінту барысында одан салмағы 755 грамм болатын 15 полиэтилен пакеті табылған.

Қызметтік иттер елордаға Алматыдағы Кинология орталығынан жеткізіледі және бұл иттер 8-9 жылдық қызметтен кейін кинолог мамандардың асырауына ерікті түрде беріледі.


Соңғы жаңалықтар