Астанада қылмыскер екі полицейді жарақаттады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тәртіп сақшылары ұстаған қылмыскер екі полицейді жарақаттады, деп хабарлайды елордалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

«27 ақпан күні сағат 22:10-да Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының қызметкерлеріне өнеркәсіп аймағында тонаушылық жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Қаскүнемдерді анықтауға бағытталған жұмыстарды жүргізу кезінде өнеркәсіп аймағының аумағында орналасқан құрылыс вагоншасында болған адамдардың бірі құжаттарды тексеру барысында кенеттен екі полицейге бірнеше рет оқ атқан», - делінген хабарламада.

Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен полиция қызметкерлері Қарағанды облысының 43 жастағы тұрғынын ұстап, Астана қалалық ІІД-нің уақытша оқшаулау абақтысына қамауға алды. Ұсталған ер адамның бұған дейін сотталғаны, соның ішінде бір аса ауыр қылмыс (адам өлтіру) жасағаны анықталды.

Оқиға орнын тексеру барысында қару («Наган» жүйесіндегі тапанша) анықталып, алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Аталған фактімен ҚР ҚК 380-бабы («билік өкіліне қатысты зомбылық жасау), 287-бабы («қаруды заңсыз ұстау»), 24-баптың 3-99-бөлімі («адам өлтіруге оқталу») бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері ұсталған адамның қала аумағында бұған дейін жасалған өзге қылмыстарға қатысын тексеруде.

Көптеген оқ жарақаттарын алған жол-патрульдік полицияның қызметкерлері медициналық мекемеге жеткізілді. Ұсталған ер адам полицияның старшинасы Марал Тұрғынбаевқа төрт оқ жарақатын, ал полиция сержанты Ерболат Рыспековке екі жарақат салған.

Жарақаттанған полицейлер жатқан ауруханада Астана қалалық ІІД-нің бастығы, полицияның генерал-майоры Амантай Әубәкіров болып, қызметкерлерінің хал-жағдайын білді. Елордалық Ішкі істер департаменті бастығының айтуынша, полицейлер мен олардың отбасыларына жан-жақты қажетті көмек көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар