Астанада күрделі саланың дәрігерлеріне баспана сертификаты беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада медицинаның күрделі салаларына маманданған қызметкерлерді баспанамен қамту шаралары жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы міндетін атқарушы Әлия Рүстемова Астанада өткен брифингте айтты.

«Шын мәнінде, Астанада күрделі сала мамандардың тапшылығы сезіледі. Олар көбінесе жалақы көбірек төленетін жеке медициналық ұйымдарға және республикалық орталықтарға ауысып кетеді. Бұл мәселені баспана сертификатымен шешуге тырысып жатырмыз. Яғни, әкімдік 1 миллион теңге көлемінде баспана сертификаттарын береді. Маман бұл қаражатты қосу арқылы, өзіне қажетті баспананы ипотекаға ала алады», - деді Әлия Рүстемова Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Астанада акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог мамандары жетіспейді.

«Себебі олардың жұмысы өте ауыр және физикалық, моральдық күшті қажет етеді. Шаршағаннан қызметті тастап кететіндер бар. Міне бізге ауадай қажет осы мамандарды алып қалу үшін шаралар қабылданып жатыр. Өткен жылы оларға 18 пәтер берілген. Биыл да әкімдік медицина қызметкерлері күні қарсаңында баспаналар береді. Өткен жылдың желтоқсанында дәрігерлерге 1 миллион теңгелік 20 сертификат берілсе, биыл тағы 200 сертификат таратылады», - деді ол.

Сонымен бірге, Астанада медицналық қызметкерлерге арналған жатақхана салынады.

«Өзге басқармалармен бірлесіп, дәрігерлерге арналған жатақхана мәселесін шештік. Оны салатын жер телімі бөлінді. Осылайша, әрбір адам үшін өзекті болып саналатын баспана мәселесін шешуге тырысып жатырмыз», - деді Әлия Рүстемова.

Айта кетейік, елорда әкімдігі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспаналы болуға әлеуметтік көмекті көрсетуді алғашқылардың бірі болып енгізді. Білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау салаларында білікті мамандар корпусын құру мақсатында, оларға 1 млн теңгелік сертификаттар беріледі.

Соңғы жаңалықтар