Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 6 мыңға жуық шетел азаматы анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 5 мың 917 шетел азаматы анықталды. Бұл туралы елордадағы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Анар Жомартова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған 5 мың 917 шетел азаматы анықталды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,5 мың шамасында болған», - деді А. Жомартова көші-қон тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, былтыр сот шешімімен 1 мың 143 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды. 2021 жылы осындай 305 адам тіркелген болатын.

«Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен 5 шетелдік елден қуылды. Сонымен қатар, шетелдіктерді Қазақстанға шақырып, олардың мемлекетіміздің аумағында болу ережелерін орындауын қамтамасыз етпеген еліміздің 1 мың 278 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетел жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 113 жұмыс беруші жауапқа тартылды», - деді Көші-қон қызметі басқармасының өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы елордада уақытша тіркелген шетел азаматтарының саны өсті.


Соңғы жаңалықтар