Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 33 шетелдік еліне қайтарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полициясы «Мигрант» жедел алдын алу іс шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараның мақсаты - көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтап, жолын кесу, заңсыз көші-қонға тосқауыл қою, сондай-ақ шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың тарапынан жасалатын қылмыстарды болдырмау.

Полицейлер үш күннің ішінде көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 457 фактіні анықтады. Шетелдік азаматтардың ҚР аумағында жүріп-тұру қағидасын бұзу фактісі бойынша шетелдік азаматтарға 377 әкімшілік хаттама толтырылған. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды қабылдаған Қазақстанның 20 азаматы жауапкершілікке тартылса, шетелдіктерді тиісті құжатсыз жұмысқа тартқаны үшін 6 жұмыс берушіге қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды.

Сонымен қатар, мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен 33 шетелдік азамат елден шығарылды, 117 шетелдік азаматқа қатысты уақытша жүріп-тұру мерзімін қысқарту жөнінде шешім қабылданды.

Іс-шара көрсетіп бергендей, шетелдіктер тарапынан жасалған негізгі заңбұзушылықтар - елге кіру, шығу және Қазақстан Республикасында жүріп-тұру тәртібін бұзу.

Соңғы жаңалықтар