Астанада көпқабатты үйдің 68% басқарудың жаңа формасына көшті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елорда жұрты арасында меншік иелері бірлестігі қызметіне өтуге қатысты қызу түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елордада 3097 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның ішінде 2808 көппәтерлі тұрғын үй меншік иелері бірлестігіне (МИБ) өтуге жатады. Аталған статистиканың ішінде 289-ы шағын отбасылық жатақхана, ведомстволық, апатты жағдайдағы және тағы басқа санатқа жататын тұрғын үйлер. Олар меншік иелері бірлестігі жүйесіне өте алмайды. Қазіргі уақытта елордада 700-ге жуық МИБ құрылған», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық тұрғын үй инспекция бөлімінің бас маманы Рақыш Әнуар қала әкімдігі қабырғасында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ спикер 700-ге жуық МИБ-тен бөлек, 1085 жай серіктестік (ЖС) жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті.

«2020 жылы елімізде тұрғын үй заңнамасына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Соның аясында тұрғын үй кешендерін басқарудың 2 жолы бар. Яғни, мүлік иелері бірлестігі және жай серіктестік. Аталған басқару формалары бұрынғы ПИК-тің (пәтер иелері кооперативі) орнына келіп отыр. Көппәтерлі үйді басқарудың жаңа жүйесіне көшуге қатысты тұрғындар үшін түрлі түсіндіру шаралары өтіп тұрады. Халыққа заңнамадағы өзгерістерді түсіндіріп, мазалаған сұрақтарына жауап береміз. Әрине, кез келген реформа оңайлықпен жүзеге аспайды. Қиыншылықтар, ескерілмеген жағдайлар болады», - дейді ол.

Оның айтуынша, тұрғындар аз тұратын көппәтерлі баспаналарда МИБ-тің төрағасын сайлау қиынға соғып жатады.

«Қазіргі таңда елорда бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің 68 пайызы меншік иелері бірлестігіне және жай серіктестікке өтті. Атап айтқанда, Есіл және Алматы аудандарында басқарудың жаңа жүйесіне көшу қарқынды жүріп жатыр. Тұрғындардың сауалына жауап беру және көмек көрсету мақсатында «Айқамал» қауымдастығы және қалалық Меншік иелері бірлестігінің орталығы жұмыс істеп тұр», - деді Рақыш Әнуар.

Әкімдік өкілінің мәліметіне сәйкес, елордада ай сайын 300-ге жуық тұрғын меншік иелері бірлестігін құруға қатысты сұрақпен келеді.

Еске салайық, биылғы маусым айының соңында энергия үнемдеу туралы заң жобасына өзгеріс енгізілді. Құжатта пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен кондоминуимдардың қызметін 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту мәселесі бар. ПИК-тер мен кондоминуимдар өз қызметін 2022 жылдың 1 шілдесінде аяқтап, олардың орнына көпқабатты үй тұрғындары мүлік иелері бірлестіктерін (МИБ) немесе жай серіктестіктерді (ЖС) құруыс тиіс болатын. Яғни, қазақстандықтарға өз үйлерін басқарудың жаңа формасын рәсімдеуге тағы бір жыл уақыт берілді.


Соңғы жаңалықтар