Астанада коммуналдық тарифтер қаншалықты арзандады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада негізгі коммуналдық қызметтерге тарифтер қаншалықты төмендегені нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Мақсат Есмағұловтың айтуынша, электрмен жабдықтау бойынша (ҚҚС есептемегенде) жеке тұлғалар үшін тариф 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 10,33 теңге/кВтсағ құрады.

2018 жылы қолданыстағы тариф 11,4 теңге/кВтсағ болған еді. Бұл ретте, төмендеу 9,3 пайыз болды.

«Заңды тұлғалар үшін қолданыстағы тариф 16,01 теңге/кВтсағ мөлшерінде болып келсе, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 14,54 теңге/кВтсағ-қа дейін, яғни 9,18 пайызға төмендеді», - деді ол.

Сондай-ақ жылумен жабдықтау бойынша (ҚҚС есептемегенде) жеке тұлғалар үшін тариф биылғы жылдан бастап 2 074,81 теңге/Гкал-ды құрады. Тарифтің төмендеуі 9,98 пайыз шамасында. Заңды тұлғалар үшін оның көлемі өзгеріссіз қалып, 3 556,39 теңге/Гкал болып сақталды.

«Сумен жабдықтау бойынша қала тұрғындарына тариф 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 37,13 теңге/м3 деңгейінде белгіленді. Осыған дейін қолданыстағы тариф 41,26 теңге/м3 құраған еді. Осы орайда, төмендеу 10 пайызға жетті», - деді М. Есмағұлов.

Қатты тұрмыстық қалдықтарға тоқталсақ, абаттандырылған секторы үшін 2012 жылдан бергі тариф бір адамға 252,2 теңге сомасында есептеліп келді. Енді 2019 жылдан бастап 246,2 теңге шамасында белгіленді. Сонымен қатар, жеке сектор үшін бұған дейін бір адамға есептегенде 276 теңге болса, биыл 262,2 теңге деңгейінде бекітілді. Бұл тұрғыда тариф 5 пайызға төмендеді.

Соңғы жаңалықтар