Астанада коммуналдық тариф мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті коммуналдық саланың проблемалары бойынша қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Бүгінгі қоғамдық қабылдауға табиғи монополия бойынша барлық жауапты мекемелер қатысып отыр. Тұрғындардың су, жылу, жарық және басқа да коммуналдық мәселелерге қатысты сұрақтарына жауапты мүмкіндігінше осы жерде береміз. Егер қандай да бір кеңінен қарайтын проблема болса, онда өтініш қалдырады. Ал біз өтініш негізінде қажетті шараларды қолға аламыз. Аталған шараны қараша бойы, әр сәрсенбі күндері өткіземіз. Бұл туралы халық арасында кеңінен таратудамыз. Қоғамдық қабылдауға 40-қа жуық тұрғын әртүрлі сұрақтармен келді, оның 30-дан астамының мәселесі осы жерде шешілді», - деді Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Болат Танабергенов.

Оның айтуынша, елорда тұрғындары көбінесе жарық бағасы және судың құнын есептеуіш құрылғылар бойынша шағымдануда.

Қоғамдық қабылдау жұмысына, табиғи монополияларды реттеу бойынша жауапты ұйымдар, «Астана- Теплотранзит» АҚ, «Астанаэнергосбыт» АҚ, «Астана қалалық орталық газбен жабдықтау» ЖШС, «Астана - РЭК» АҚ, «Астана су арнасы» ҚКМ қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір тұрғын тұтынушы ретінде өз құқықтары және өзге де саладағы мәселелерді шешу жолдары бойынша түсініктеме ала алады.

Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы елордада жылу мен жарық бағасының арзандауына да қатысты түсінік берді.

«Үстіміздегі жылдың жазынан бастап қалалық прокуратура «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС және тиісінше біздің мекемеге де тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жоғарыда аталған мекемелердің бағаны негізсіз көтергені анықталды. Жыл соңына дейін үстеме бағамен төлеген тұтынушыларға өтемақы есебінде ақшалары қайтарылатын болады», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай елордалық бірқатар монополиялық компанияларға Астана қалалық прокуратурасы тексеру жүргізу барысында «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-РЭК» АҚ және «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС компанияларының табиғи монополиялар саласында бірқатар заңнаманы бұзғаны, сондай-ақ, бюджет қаржысын жөнсіз пайдаланып, инвестициялық бағдарламаларды орындамағанын анықтаған болатын.

Еске сала кетелік, қоғамдық қабылдау 21-28 қараша күндері, сағат 15:00 мен 18:00 аралығында, Астана қаласы, Тәшенов көшесі, 25-үйдің 2-қабатында өтеді. Аталған департамент ұйымдастыратын қоғамдық қабылдауға тұтынушылармен қатар басқа да мүдделі тұлғалар қатыса алады.    

 



Соңғы жаңалықтар