Астанада көлік ұрысы полицейді пышақтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада көлік ұрлады деп күдіктелген азаматты ұстау барысында полиция қызметкері пышақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

15 қыркүйек күні Сарыарқа аудандық ІІБ-нің криминалдық полиция қызметкері Күмісбеков көшесіндегі үйдің ауласында тұрған көлік маңайынан күдікті екі адамды байқаған. Олар полицейді байқап, қашып кетпек болған. Алайда тәртіп сақшысы олардың бірін ұстап алған. Ұстау барысында полицейге қарсылық білдіріп, иығына пышақ салған. Алайда аға лейтенант Нұрлан Тілеухан жарақатына қарамастан, ұрының қолына кісен тағады. Оқиға орнынан ізін суытқан екінші күдікті көрші аулада қолға түсті.

Анықталғандай, күдіктілер тұрақта тұрған көліктің құлпын бұзып, оның ішіндегі жеке заттарды ұрламақ болған. Факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы («Ұрлық жасау») бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, 18 жастағы Қарағанды облысының тұрғынына қатысты ҚР ҚК 380-бабы («Билік өкіліне күш көрсету») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталушылар Астана ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Зардап шеккен полицей медициналық мекемеге жіберілді. Қазір амбулаторлық ем алуда.

 

Соңғы жаңалықтар