Астанада көктайғақ салдарынан 100-ден астам жол апаты болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап елорданың коммуналдық қызметтері көктайғаққа қарсы жаңа реагент қолдануға кірісті. Соған қарамастан, қалың қар түскен алғашқы күні қалада көктайғақтың салдарынан 100-ден астам жол-көлік апаты болды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІД Әкімшілік полиция инспекторы Бақытжан Алтыбайдың айтуынша, жүзден астам жол-көлік апаты тіркелсе де, адам шығыны болған жоқ. Көлік жүргізушілерінің көбісі көктайғақта рульге ие бола алмай, басқа машиналарға соғылып, көше қиылыстары мен жолдарда құқық қорғаушылар келгенше күткен. Соның салдарынан кептелістер болды.

«Бұдан бөлек, Астанада жыл сайын көліктерлің саны өсіп келеді. Жылына 25-30 мың автокөлікті тіркеуге қояды. Жалпы, осыдан алты жыл бұрын көліктердің саны 209 мың болған. Бүгінде тіркеуге қойылған автомобильдер 343 мыңға дейін өсіп отыр. Оған транзитпен өтетін көліктерді қосыңыз», - деді Б.Алтыбай бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Ал «Астана Тазалық» ЖШС өндірістік-техникалық бөлім бастығы Алтын Нұржуминаның айтуынша, 11 қарашадан бері коммуналдық қызмет елорда жолдарындағы көктайғақты жаңа әдіспен кетіруді қолға алды.

 «Біз қысқа тыңғылықты дайындалдық. Биыл жаңа пилоттық жобаның аясында көктайғаққа қарсы алғаш рет Айсмелт реагентін қолдандық. Яғни жолдағы тазалықты сақтау, көктайғақтан болатын жол апатын азайту мақсатында 11 қарашадан бастап осы өнімді жолдарға септік. Мұны Астана тұрғындары лас жолдармен жүрмес үшін пайдаланып отырмыз. Қазіргі таңда жаңа реагентті қаланың орталықтағы көшелеріне сеуіп жатырмыз», - дейді А.Нұржұмина.

Соңғы жаңалықтар