Астанада қоғамдық көліктерге рейд жүргізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада жалпы республикалық «Автобус» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміз бойынша өткізіліп жатқан аталған шараға ішкі істер органдарының 6 мыңнан астам қызметкері атсалысуда. Оның ішінде 4857 патрульдік полиция, 1561 басқа қызметтен. Одан бөлек, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің 144 жұмысшысы тартылды.

Профилактикалық жұмыс барысында автобус жүргізушілерінің тәртіп бұзбауын қадағалаудан бөлек, олардың құжаттарының дұрыстығы, көліктің техникалық жағдайы басты назарда болды.

«Астанадағы қоғамдық көліктерді бүгін осымен екінші күн тексерудеміз. Онда жүргізуші және көліктің тиісті құжаттарының болуы, сол сияқты автобустың жалпы техникалық жағдайын қадағалаймыз. Тексеру барысында орын алған оқиғаға сәйкес ескерту жасаудан бастап, айыппұл төлеуге дейінгі жағдайлар тіркелуде. Мысалы, жаңа ғана автобус жүргізушісіне алдыңғы терезесінің сынық болғаны үшін 5 АЕК көлемінде яғни 12 025 теңге айыппұл салынды, егер 1 аптадан асырмай төлесе, онда ол суманың жартысын ғана төлейді», - деді Астана қаласы полиция департаментінің қызметкері, полиция лейтенанты Ерлан Сомтеміров.

Оның айтуынша, бүгінде елордада қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзу фактісі азайған, оған себеп жүргізуші жауапкершілігінің артуы мен қала бойынша бейнебақылаудың жиі орнатылуы.

Үш күнге созылатын рейдтің кешегі күнгі нәтижесі бойынша Астанада 129 жол жүру ережесін бұзу және 2 жолаушыларды заңсыз тасылмалдау оқиғасы тіркелсе, одан бөлек автобус паркінің 3 лауазымды қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ішкі министрлігінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша кешегі күннің қорытындысында 2061 жол жүру ережесін бұзу оқиғасы орын алған. Оның ішінде 2 масаң күйде көлік жүргізу, 3 жолдың қарсы бетіне шығу, 12 жұмыс және демалыс кестесін бұзу, 90 жүргізушінің жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыру қағазының болмауы, 70 жүк тасымалдау ережесін бұзу, 64 заңсыз қайта жабдықталған автобус, 24 автокөліктің рейс алды және 127 техникалық тексерістен өтпеу, 159 жылдамдықты асыру, 413 көлікті басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесу, 352 маневр жасау ережесін бұзу, 69 ортаны ластайтын заттарды тастау және 26 заңсыз жолаушыларды тасымалдау оқиғасы тіркелген.

Соңғы жаңалықтар