Астанада көбінесе қандай көліктер өртенетіні анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл елордада 134 автокөлік өртенді. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Аягөз Фазылова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы өрт санының ішінде 23 пайызы, яғни 134 оқиға автокөлік құралдарына тиесілі. Көлік өрттеріне электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуда. Осы орайда бұл көрсеткіште көбінесе жеңіл автокөліктер отқа оранғанын байқап отырмыз, бұл ретте 113 оқиға тіркелді. Негізінен ескі көліктер өртенеді»,-дейді ресми өкіл.

Осы орайда департамент өкілдері алдағы уақытта күннің суытуына байланысты тұрғындарды көліктерді қыздыру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Белгілі болғандай, биылғы жылдың 10 айында Астанада 564 өрт тіркеліп, оның салдарынан 9 адам (үшеуі балалар) көз жұмды. Жалпы, келтірілген шығын сомасы 64 млн теңгеден асты. Тілсіз жау шарпыған нысандардың негізгі үлесі тұрғын үй секторына тиесілі, соның ішінде 62 пайызы жеке тұрғын үйлерде орын алады.

Жылыту маусымы басталғаннан кейін жеке секторда өрт пен улы газдан зардап шегу қаупі артады.

Соңғы жаңалықтар