Астанада киік туралы алғашқы энциклопедиялық фотоальбом жарық көрді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада киіктер туралы алғашқы ғылыми-танымдық мәліметтерді қамтитын AQBOKEN Saiga tatarica фотоальбомының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Табиғатпен етене тіршілік кешкен халқымыз даланың осы бір нәзік те сұлу жануарын ежелден қадірлеп, киелі санайды. Ән мен жырына қосты. Аңыз-әпсанасына арқау етті.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда киік туралы толыққанды ақпаратты қамтитын, әсіресе қазақ тілінде жарық көрген ғылыми-танымдық әдебиеттер жоқтың қасы.


Ал киік туралы зерттеулер негізінде дайындалған «Сайгак в Казахстане» кітабы 1982 жылы шыққан.

Фотоальбом шығару бастамасын техника ғылымдарының докторы Қайыргелді Қабылдин көтерген. Оның айтуынша, бүгінгі ұрпақтың, қазіргі қоғамның ақбөкен туралы білетін мағлұматы мардымсыз.


Басым көпшілігі ақбөкен жаппай қырылған кездегі мақалалар мен телесюжеттерді, браконьерлікке байланысты жаңалықтарды ғана көрген.

«AQBOKEN Saiga tatarica фотоальбомы ең алдымен осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтады. Онда фотосуреттерге басымдық беріліп, ғылыми-танымдық мәліметтер қысқа да нұсқа баян түрінде ұсынылған. Ақбөкеннің шығу тегі, ежелгі һәм қазіргі таралу географиясы, биологиялық ерекшеліктері, экожүйедегі орны және қазіргі төніп тұрған сын-қатерлер сияқты тақырыптар қамтылған», - деді Қайыргелді Қабылдин.


Фотоальбомға оннан астам отандық және шетелдік фотографтың жылдың түрлі маусымында түсірген 100-ден аса фотосуреті енгізілген.

«Шын мәнінде, бұл жоба дер кезінде, дәл уақытында қолға алынып, жарық көріп отыр. Мұнда біз ақбөкендердің санын сақтау және қалпына келтіру үшін қандай күш-жігер жұмсалғанын атап өтуіміз керек. Фотоальбом ел тарихының бір бөлігі болады деп ойлаймын», - деді Қазақстан биосаналуандықты сақтау қауымдастығының директоры Вера Воронова.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, фотоальбом Атырау облысының білім мекемелері мен экологиялық ұйымдарының кітапханаларына таратылады.



Соңғы жаңалықтар